Жамбылда мүмкіндігі шектеулі 400 азамат жұмысқа орналасты

2866
Adyrna.kz Telegram

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды қоғамның бір өкілі ретінде сезіндіру үшін мемлекет ауқымды шараларды жүзеге асырып жатыр. Өкінішке қарай еңбек өнімділігі төмен деген желеумен көптеген мекеме жарымжан азаматтарды жұмысқа алып, қолдау көрсетуден қашады.

Әйтсе де, Жамбыл облысында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 24 жұмыс беруші мекемеден 70 мамандық бойынша 166 жұмыс орны ұсынылды.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұраттың айтуынша, «Кедергісіз келешек» жобасының маңызы зор.

«Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары арқылы жүзеге асып жатыр. Аталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруда мемлекеттік уәкілетті органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіруге мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда партияның қоғамдық қабылдауына 187 мүмкіндігі шектеулі жан өтінішпен келіп, бүгінгі күні 66 адамның мәселесі оң шешімін тапты. Түскен өтініштердің басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, материалдық көмек беру, тұрғын үй мәселесі болып отыр. Осы мәселелерді ескере келе партияның облыстық және аумақтық филиалдары «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады. Биыл бұл жәрмеңке екінші рет өтуде. Соңғы үш жылда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша 400-ге жуық мүгедек жан жұмысқа орналасқан», – деді Ш.Тілеумұрат.

Бүгінде Жамбыл облысы бойынша 45 326 мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, оның ішінде 1-ші топтағылар — 4164, 2-ші топтағылар — 18535, 3 топтағылар — 16342 адам. Олардың 6285-і 18 жасқа толмағандар. Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 764,1 миллион теңге қаржы бөлінген.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

Пікірлер