«Дұрыс емес». Ақсақалов қазақ сыныбының жабылуына байланысты пікір білдірді

492
Adyrna.kz Telegram

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы аралас мектебінің қазақ сыныбының жабылуына байланысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Орталық коммуникациялар орталығында әкімге «Қостанайдағы Юбелейный шағын ауданындағы Абай Құнанбайұлы атындағы аралас мектептің басшылығы қазақ сыныбын жауып, орыс мектебі еткісі келіп отыр екен. Қазақтар көп тұратын аудандағы мектеп таза қазақ мектебі болудың орнына орыс тілінде білім беруге көшуіне не себеп болып отыр? Бұдан сіз хабардарсыз ба?» деген сұрақ қойылды.

Құмар Іргебайұлы аталған ақпаратты естімегенін ескертті.

«Менің ойымша, ол дұрыс емес. Қазір қазақ мектебінде оқитын балалардың саны көбейіп жатыр. Ондай тенденция бар. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Салынып жатқан мектептердің бәрі қазақ мектептер. Сондықтан бұл тенденция жалғасын табады. Ал мен айтылған фактілерді мен тексеріп алайын», – деді ол.

Сондай-ақ журналистер «Қостанай облысының білім басқармасының басшысы Айман Ибраева мемлекеттік тілді білмейтін көрінеді. Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметші ҚазТестен қалай өтуі мүмкін?» деп әкімнен сұрады.

Облыс әкімі Айман Елеменқызының мемлекеттік тілді жетік білмейтінін мойындады.

«Иә, ондай фактілер бар. Шамалы деп айтуға болады. Мүлдем білмейді деп айта алмаймын, бірақ мемлекеттік тілді шамалы біледі. Оған талап қойылып жатыр. Тек  қана Айман Елеманқызына ғана емес, басқа да азаматтар өзіміздің ана тілімізде сөйлесіп, айналысу керек», – деді әкім.

Пікірлер