Ақтау әуежайында әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығы салынады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев 23 желтоқсанда Мәжілісте өткен жиында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Министрдің айтуынша, жөндеу және оқу базасын түрік компаниялары YDA, Turkish Technic және ASFAT салуды жоспарлап отыр.
«Техникалық қызмет көрсету орталығы Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдерінің азаматтық және әскери әуе кемелеріне қызмет көрсететін болады. Мемлекетіміздің, Ресей Федерациясының, Өзбекстанның, Түркіменстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның азаматтық авиациясының 411 жолаушы ұшағы бар», - деді министр.
Карабаевтың пікірінше, Ақтау әуежайы — перспективті мультимодальды авиациялық хаб.
«Оның басты артықшылығы – көліктің барлық түрлеріне қолжетімділік және Еуропаға жақындығы – бар болғаны 3 сағаттық рейс. Жаңғырту нәтижесінде әуежайдың жүк тасымалдау мүмкіндігі жылына 200 мың тоннаға дейін артып, жылдық айналымы 520 миллиард теңгені құрайтын болады», - деді Қарабаев.
Еске салсақ, 2024 жылдың сәуірінде Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесуге YDA Holding құрылыс компаниялар тобының басқарма төрағасы Хусейн Арслан да қатысты. Жиында Қазақстан мен Түркия арасындағы бірлескен жобалар талқыланды. Бұған дейін YDA Түркістан халықаралық әуежайын салған болатын.