Қазақстанға 3,7 млрд теңге шығын келтірген өзбекстандық Ресейден экстрадицияланды

197
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Өзбекстан азаматы экстрадицияланды. Ол алматылықтарды 3,7 млрд теңгеге алдап соқты деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы бүгін, 23 желтоқсанда Бас прокуратура айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ер адам 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген.

«Ол үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдаған. Тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс объектісі бойынша жалған түбіртектер жазған», - делінген хабарламада.

Есепшінің және оның сыбайластарының заңсыз әрекетінен соң Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны 3,7 млрд теңге шығынға ұшыраған. Мұндай заң бұзушылықтар үшін есепшінің бір сыбайласы сотталған. Ал есепші ізін суытып, қашып кеткен. Бұдан соң оған құзырлы орган халықаралық іздеу жариялады.

«Өткен жылдың желтоқсан айында іздеуде жүрген адам Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Айыптаған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Пікірлер