Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджетінде Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін пайдалануына арналған жалдау ақысы қарастырылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КазТАГ агентігіне сілтеп.
2025 жылға арналған бюджетте Ресейдің «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 54,05 млрд теңге көлемінде, ал әскери полигондарды пайдаланғаны үшін 9,41 млрд теңге көлемінде кіріс түсімі көзделген.
«Байқоңыр» кешені Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағынан тұрады. Мұнда 8 ұшу кешені, 13 ұшыру қондырғысы, сондай-ақ құрлықаралық баллистикалық зымырандарды ұшыруға арналған 8 шахталық қондырғы бар.
Кешен 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей тараптары «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы №1 және №2 алаңдарда музей кешенін құру мақсатында «Гагарин старты» алаңын жалға беруден шығарып, Қазақстан тарапына беру мәселесін талқылап жатыр. Бұл алаңда ғарыш айлағында бар ғарыш техникасының үлгілерін орналастыру жоспарлануда.