АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қаңтарда Вашингтондағы инаугурациясына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді шақырды. Бұл туралы 11 желтоқсанда американдық CBS телеарнасы өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Дереккөз бойынша, республикандық кандидат Трамп бұл шақыруды қараша айында сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, Си Цзиньпинге жіберген. Алайда Қытай лидері шақыруды қабылдағаны немесе қабылдамағаны белгісіз. Қытайдың Вашингтондағы елшілігі бұл мәліметтерге түсініктеме беруден бас тартты.
CBS атап өткендей, Трамптың айналасындағылардың көпшілігі Қытай билігіне наразы. Сыншылар арасында АҚШ-тың болашақ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа кеңесші Майк Вальц бар. Сайланған президенттің өзі Қытайдан келетін тауарларға жаңа тарифтер енгіземіз деп қорқытуда. Бірақ, арна атап өткендей, «Трамп көптен бері көшбасшылар арасындағы тығыз қарым-қатынас халықаралық мәмілелерді жасаудың кілті деп санайды».
Си Цзиньпин АҚШ президентінің инаугурациясына қатысқан алғашқы шетелдік басшы болу мүмкін. CBS хабарлауынша, әдетте бұл іс-шараға тек елшілер мен дипломаттар шақырылады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1874 жылдан бастап жүргізілген жазбаларына сәйкес, шетелдік басшы ешқашан инаугурация кезінде билік ауысу рәсіміне қатыспаған.
CBS дереккөздерінің хабарлауынша, 20 қаңтардағы инаугурацияға басқа да шетелдік көшбасшыларды шақыруы мүмкін. Олардың арасында Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да бар. Алайда ол әлі шақыруды қабылдайтынын немесе қабылдамайтынын ойлап жатыр.
"Әлем көшбасшылары Трамппен кездесуге кезекке тұр, өйткені олар оның жақында билікке қайта оралып, әлемде бейбітшілікті қалпына келтіретінін біледі", - деді Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт.
12 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамптың инаугурациясына Путинді шақырмағанын мәлімдеді.