Бәйгенi байлар тартып алды

3511
Adyrna.kz Telegram

«Ат – ер қанаты» деп жеті қазынаның біріне балаған, «ат-аруақ» деп бір жүйрікті бүкіл ел, ауыл намысына санаған. Сондықтан ол жүйріктің егесі ат өзінің жеке меншігі болғанымен оны басқа жаққа сатуға құқы, қақысы болмаған. Ол – елдің аты, ел намысы сынға түсер айтулы аламанға бүкіл бір ру, бүкіл бір аймақ, өңір сол аттың тілеуін тілеп баратын болған. Бүкіл тілеулес ағайын күңіреніп аруақ шақырып сол аттың тілеуін тілеген. Атқа шапқан өрімтал балалар соңғы айналымда әр қайсысы өзінің ұраны болған баба атын шақырып шырылдағанда екі көздерінен жас парлап, келе жататын. Қазақтың бар тірлігі қанатты тұлпарлармен біте қайнасып келген. Қазіргі таңда қазекең жылқы жануарын «мінсең – көлік, жесең – ас» деп біліп, қадірін ұмыта бастағандай. Ал бәйге жарыстары, сәйгүлік ұстау байлардың ермегіне айналып барады…

Қазіргі нарық заманында кейбір ауқатты кәсіпкерлер шетелдік мәшинені бас жүлдеге тігіп, бәйге өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Жарайды, бар болып жатса, солай-ақ болсын. Бірақ, қазіргі ат спорты талабы бойынша,  стандартқа сай бәйге 25 шақырымға шабады. Ал, қазақтың бәйгесі әу бастан атақты адамдардың асын бергенде, қазақтың үш жүзінің басы қосылған той-жиында жүз шамалы, одан да көп ат қосылып 50-60 шақырымға жіберілетін болған. Ол жайлы көптеген мәліметтер де жетерлік. Осыдан 2-3 жыл бұрын Моңғолияда үлкен ат бәйгесі ұйымдастырылып, аттарды 80 шақырымға жіберіпті. Олардың аты ұшпа, бірден қатты екпінмен шабатын аттар емес, бір қалыпты жәй шабатын аласа, мықыр аттар ғой деп уәж айтарсыз. Ал, өткен ғасырлардағы әйгілі Сағынайдың асы ше? Сағынайдың асында бәйге 60 шақырымға жіберіліп, оған 100-ден астам ат қосылғаны тарихтан белгілі. Аттар бәйгенің арғы басына бір күн бұрын жіберілді депті кезінде оны көргендер.  Ақан серінің Құлагеріне де қастандық жасалатын сол бәйге екені белгілі. Ол аз десеңіз, қырғыздардың атақты байы Шабданның асында 100-ден астам бәйгеге қосылған аттар 45 шақырымдық қашықтыққа шапқаны, сонда қазақ, қырғыз арғымақтары бұл қашықтықты қиналмай жүйткіп өтіп, екі ағылшын сәйгүлігі зорығып өлгенін әлі күнге жұрт жыр қып айтады. Демек, «ескі ережеге» қайта оралу арқылы бәйгелердің алдын бермей жүрген ағылшын, араб тұлпарларын шаң қаптыруға болады. Бұлай деп ақымыз бардай ашынып отыруымыздың жөні бар. Шынында да ақымыз кетіп жүр. Қазір бәйге байлардікі, барлардікі болды. Байшыкештер бәйге ойынын халықтан тартып алып қойды. Бәйге бұл күнде оншақты, кейде одан да көп байлардың бақталастық жарысына айналған сияқты. Олай демей ше? Әлемнің түпкір-түпкірінен әкелінген таза қанды, ұшпа оншақты ат қосылады. Бәйге ұзақтығы да солардың ыңғайына қарай қысқа қашықтықта болады. Олар бірден қатты шабады да екі-үш айналымнан соң біздің жергілікті қарабайыр жылқылардың артынан қуып жетіп алады. Содан соң, халыққа бес-алты байдың атының бәйгеден бірінен соң бірі келгенінің несі қызық. Одан гөрі аудан, аймақтардан ат қосылса, сол жақтың жанкүйерлері жан – алып, жан берер еді. Бөркін аспанға атып, қиқуға басып, бір рахаттанар еді. Ол кезде бар үмітін сол өз аймағынан қосылған атқа артып, күтіп тұрған халық та өзін-өзі ұмытып: «Иа, Аруақ! Аруақ, қолдай гөр!»  деп көзінен жасы бырт-бырт етіп алға ұмтылып бара жатар еді.  Бүгінде бәйгенің қашықтығын ұзартумен қатар, атшабардың жолын дұрыстаса, шабандоз шаңға көмілмей, әрқайсысы өз еркімен шабатын етсе, жөн болар еді. Өйткені, «қазіргі айналып шабатын жер жөнді дайындалмайды, жолдың шұғыл бұрылуы қауіпті. Ат шабатын жол сол күні ертемен су себіліп, ат тұяғымен тапталмайды. Шаңнан жанкүйерлердің де, тұлпарлардың да тынысы тарылады». Мұндай сөзді атбегілер мен шабандоздардан жиі еститінбіз. Сосын бәйге атына 9-10 жасар бала шапқаны жөн. Қазір біз көріп жүрген бәйгелерде бала орнына, аяғы ат бауырынан асып, мұрты тебіндеген жігіттер шапқанын көреміз. Қазіргі шабандоздар атты түлкі қуғандай ә дегеннен тебініп, аяусыз қамшы салады. Одан ат бірден демігіп, болдырады. Сөйтіп, шоқырақтап, бәйгенің соңында қалады. Ал ат иесі үшін айналым саны қанша болса да, әйтеуір, шоқырақтап бәйгенің артынан еріп отырып, мәреге жетуі мақсат сияқты.

P.S. Өткен жылдың қоңыр күзінде Жамбыл облысының 70 жылдығына, Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған ат бәйгелері өтті. Өкініштісі, сол бәйгелерде тай жарысынан бастап, құнан бәйге, тоқ бәйге, аламан бәйгенің бәрінің бас жүлдесі мен 1-ші, 2-ші орындарын Алматының сәйгүліктері олжалады. Мұны жергілікті атбегілер: «Аламан бәйгенің 55-60 шақырым емес, 25-31 шақырымды құрауынан, өзгелерінің де қашықтығы едәуір қысқа болуынан, мұндай қысқа қашықтықта ағылшын, араб тұлпарлары алдыларына жан салмайтынынан», деп мойындады. Иә, ат бәйгелерінің қашықтығының мұншама қысқаруына жоғарыда біз тілге тиек еткен бәйгеге ат қосушы байлар өз «септігін» тигізіп отыр. Олардың: «Мен ағылшын жылқысын ұстап отырмын, ол 21 шақырымға дейін жақсы шабады. Атты шаршатып қайтеміз, оның үстіне күн де ыстық, одан да шақырымды қысқартайық» деп дүбірлі доданы жалпы халықтық ойын сипатынан алып қойғандарынан дер едік. Егер бұл жерде бұрынғы 50-60 шақырымдық бәйгені қайта енгізсек, сөз жоқ, араб, ағылшын жылқылары жолда қалып, қазақы жылқылардың мерейі үстем болары анық.

Мықтылықты әне, сонда көрер едіңіздер!..


Нұрболат Әлдибеков

Пікірлер