Әлемде толеранттылық — қоғамның тұрақтылығы мен дамуына ықпал ететін маңызды құндылық. Бұл - адамдардың сеніміне, мәдениетіне, тіліне, ұлтына және басқа да ерекшеліктеріне құрмет көрсету, олардың пікірлері мен көзқарастарына сабырлық таныту. Толеранттылық болған жағдайда әртүрлі мәдениеттер, діндер, және әлеуметтік топтар бейбіт өмір сүріп, бір-бірін толықтырып, қоғамды байытады. Дегенмен, толеранттылықтың жетіспеушілігі – керісінше, қақтығыстардың, зорлық-зомбылықтың және соғыстың негізгі себептерінің бірі.
Дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлының айтуынша, толеранттылықтың болмауы елдің ұзақ өмір сүруіне кедергі жасайды.
«100-ден астам этнос өкілдері мен тіркелген 18 конфессия өкілдері тұратын Қазақстан Республикасында басқаның өзгешелігіне төзімділік танытусыз өмір сүру қиынға түсер еді. Толеранттылық еліміздің біртұтас болуына үлкен септігін тигізетін факторларының бірі.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының преамбуласында «Осы Заң, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» делінген.
Бір елдің арасында түрлі пікір болатыны табиғи заңдылық, бірақ сол елдегі жұртты наным-сенім, пікір алуандығына қарамастан біріктіретін ортақ азаматтылығы екенін түсіну маңызды”, дейді маман.
Сонымен қатар, дінтанушы елде толеранттылық танытпау алауыздыққа әкелуі және заңмен жазаланауы мүмкін екенін айтады.
“Басқаның наным-сеніміне толеранттылық танытпау діни алауыздыққа әкеп соғуы мүмкін. Ал діни алауыздық қоздыру деген ол діни экстремизмге жататын үлкен қылмыс екенін айта кету жөн. ҚР Қылмыстық Кодексінде «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деген 174-бап бар, бұл бап бойынша діни алауыздық қоздыру үшін 2000 АЕК айыппұлдан бастап бірнеше жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған», дейді Әл-Фараби Нұрбекұлы.
Толеранттылықтың болмауы: дінаралық қақтығыстарға әсері
Тарих бойы толеранттылықтың болмауы діни және этникалық қақтығыстардың туындауына себеп болды. Орта ғасырлардағы крест жорықтары – бұл дінаралық түсінбеушілік пен төзімсіздіктің әсерінен болған ұзақ соғыстардың бір мысалы. Еуропа мемлекеттері мұсылман елдерімен діни сенімдерінің айырмашылығы үшін бірнеше ғасыр бойы шайқасты. Дінаралық толеранттылық болмағандықтан, бұл жорықтар көптеген адамның өліміне, мәдени және тарихи құндылықтардың жойылуына алып келді.
Бүгінгі күні де толеранттылықтың болмауы бірнеше елдерде тұрақсыздыққа, дінаралық және ұлттық қақтығыстарға себеп болып отыр. Орта Шығыстағы Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс осының бір айқын мысалы. Бұл аумақта иудаизм, ислам және христиан діндері тығыз байланыста болғанымен, дінаралық толеранттылықтың болмауы және саяси жағдайлар адамдарды бір-біріне қарсы қойып, аймақтағы тұрақсыздықтың жалғасуына алып келуде.
Толеранттылық болмаған жағдайдағы ұлттар арасындағы қақтығыстар
Ұлтаралық толеранттылықтың болмауы да қоғамдағы бейбітшілікті бұзуы мүмкін. 20-шы ғасырдың аяғындағы Югославиядағы соғыстар бұған мысал бола алады. Бұрын бір мемлекетте бейбіт өмір сүрген сербтер, хорваттар және босниялық мұсылмандар арасында ұлттық және діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар туындап, ел бөлшектенді. Бұл соғыстар барысында жүздеген мың адам қаза тауып, миллиондаған адам босқын атанды. Толеранттылық болмағандықтан, бір кездері ынтымақтастықта өмір сүрген халықтар бір-біріне қарсы шығып, ұзақ жылдарға созылған соққы алды.
Руандадағы геноцид те – ұлтаралық төзімсіздіктің салдары. Хуту және тутси этникалық топтары арасында көптеген жылдар бойы қалыптасқан қарсыластық 1994 жылы геноцидке алып келді. Нәтижесінде, жүздеген мың тутси хуту топтарымен жойылды, бұл оқиға тарихта қаралы парақ ретінде қалды.
Толеранттылықтың экономикалық тұрақтылыққа әсері
Толеранттылық тек діни немесе этникалық қақтығыстарды ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылықты да қамтамасыз етеді. Мысалы, түрлі этникалық топтардан, мәдениеттерден, діндерден тұратын қоғам толеранттылықты сақтаған жағдайда, бизнес пен экономикалық өсу үшін қолайлы орта қалыптасады. Жұмыс орнында толеранттылықтың болуы – еңбек өнімділігін арттырып, креативтілікті дамытады, себебі адамдар өздерін еркін сезінеді және жаңа идеяларды бөлісуден қорықпайды.
Толеранттылықтың болмауы, керісінше, экономикалық даму мүмкіндіктерін шектейді. Мысалы, белгілі бір топтарға қарсы дискриминация қолданылатын қоғамдарда кадрлар шектеулі болып, бизнес пен кәсіпкерлік шектеледі. Бұл жалпы мемлекеттің экономикалық өсімін тежейді және халық арасында жұмыссыздық, кедейлік мәселелерін күшейтеді.
Қазіргі заманғы толеранттылық мәселелері
Қазіргі әлемде толеранттылық жаңа сын-қатерлермен кездесуде. Әлеуметтік желілердің дамуы адамдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдеткенімен, пікір алмасудағы поляризацияны күшейтіп, адамдардың бір-біріне төзімділік танытуын қиындатты. Кейбір елдерде діни немесе этникалық төзімсіздік саяси мақсатта қолданылып, халық арасында қорқыныш пен дұшпандықтың қалыптасуына әкелуде.
Толеранттылықты қолдау үшін мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар білім беру, мәдени алмасу бағдарламаларын дамытуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) толеранттылықты насихаттау мақсатында
16 қарашаны Халықаралық толеранттылық күні деп жариялаған. Бұл күн толеранттылықтың маңыздылығын түсіндіру, әртүрлі халықтарды жақындастыру және олардың арасында бейбітшілікті сақтау үшін аталып өтеді.
Ал толеранттылықты дамыту үшін отбасыдан бастап, білім беру жүйесінде де үлкен рөл атқарылады. Отбасыда балаларды басқа мәдениеттер мен діндерге құрметпен қарауға тәрбиелеу, олардың санасында толеранттылық негізін қалайды. Мектептерде әртүрлі мәдениет пен дін туралы білім беру, оқушыларды басқа мәдениеттерге қызығушылықпен қарауға, бір-біріне құрмет көрсетуге үйретеді.
Сонымен қатар, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде де толеранттылықты насихаттау маңызды. Медиа саласында дінаралық және этникаралық толеранттылық туралы материалдарды жиі жариялап, қоғамдық сананы дұрыс бағытта тәрбиелеу арқылы қоғамда түсіністік пен құрметті нығайтуға болады.
Толеранттылық қоғамның бейбіт және тұрақты өмір сүруі үшін маңызды. Бұл әртүрлі мәдениет пен діндердің өкілдері бір-бірінің ерекшеліктерін құрметтеп, бірге өмір сүруге мүмкіндік беретін қасиет. Толеранттылықтың болмауы – диалог пен ынтымақтастықтың орнына қақтығыстар мен тұрақсыздыққа әкелетін фактор. Сол себепті, толеранттылықты тәрбиелеу әрбір саналы азаматтың, қоғамның және мемлекеттің басты міндеті болуы тиіс. Толерантты қоғам – бұл тұрақты, дамушы және қауіпсіз қоғам.
Дана Нұрмұханбет
“Адырна” ұлттық порталы