Димашықтағы дүмпу. Башар Асадтың отбасы елінен кетіп, өзі қалды

677
Adyrna.kz Telegram
Фото: Anadolu
Фото: Anadolu

Жұма күні Сириялық диктатор Башар Асад Сирияда қалып, оның отбасы шетелге кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.

Асад Сирияда қалған, ал оның балалары мен әйелі өткен аптада Ресейге, күйеу баласы Біріккен Араб Әмірліктеріне кеткен.

Мысыр мен Иордания шенеуніктері Асадты Сириядан кетіп, уақытша кеңес құруға шақырған. Бұл кеңеске оппозиция өкілдері қосылуы тиіс деп мәлімдеді шенеуніктер. Алайда АҚШ-тағы Иордания елшілігі Иордания шенеуніктерінің сириялық диктаторды елден кетуге шақырғанын жоққа шығарды.

Бұған дейін түрік басылымдары Асад пен Сирия үкіметі ел астанасы Димашықтан кеткенін хабарлаған болатын. Асад отбасымен бірге оппозициялық күштердің шабуылына байланысты Тегеранға кеткенін де айтқан.

Сол уақытта CNN сириялық көтерілісшілер 2011 жылы басталған көтеріліс ошағы болған Дераа қаласын бақылауға алғанын және Димашыққа жақындап келе жатқанын мәлімдеді.

Асад режиміне қарсы шабуылдар ел астанасының солтүстігі мен оңтүстігінде қарқын ала бастаған кезде, күрдтер басқаратын жауынгерлер елдің шығыс бөліктеріне қарай қозғалған.

Күрд күштері Сирияның солтүстік-шығысын бақылауға алып, азаматтық соғыс кезінде он жыл бойы үлкен қиындықпен қол жеткізілген автономияны орнатқан еді. Алайда олар бұл автономияның енді сириялық оппозиция көтерілісшілерінен қауіп төніп тұрғанына алаңдаулы. Көтерілісшілердің негізгі мақсаты Асад режимін құлату болғанымен, күрд жауынгерлері зорлық-зомбылықтың өз аумақтарына таралуы мүмкін деп қорқады.

27 қарашада басталған шабуылдан кейін сириялық оппозиция топтары Алеппо, Идлиб, Тель-Рифат, Хама қалаларын басып алып, Димашыққа дейінгі соңғы бекініс саналатын Хомс қаласына жақындаған.

Пікірлер