Бимурзин Назарбаеваға қатысты үш юрисдикция бойынша сотқа жүгінбек

899
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚазТАГ
Фото: ҚазТАГ

Нұрлан Бимурзин экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева мен Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың жұбайы Валентина Роговаға қарсы әділдік іздеуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Кәсіпкер Нұрлан Бимурзин рейдерлік шабуыл бойынша әділдікке қол жеткізу үшін АҚШ, Ұлыбритания және Швейцария сияқты үш халықаралық юрисдикцияда арызданатынын мәлімдеді.

"Биылғы ақпан айынан бастап біздің бизнесімізге, мүлкімізге, активтерімізге, жанармай құю станцияларына және мұнай базаларына жасалған рейдерлік шабуыл бойынша Бас прокуратураға көптеген арыз жаздық. Материалдарымыз ІІМ мен Экономикалық тергеу департаментінде қаралғанымен, олардан тек жауапсыз хаттар алдық. Біздің істеріміз қабылданбай, іс жүргізу мерзімі өтіп кетті деген сылтаумен жабылып отырды. Конституцияда әрбір азаматтың қорғанысқа құқығы бар деп жазылғанымен, өз елімізде біз бұл қорғауға қол жеткізе алмадық. Сондықтан халықаралық инстанцияларға жүгінуге толық моральдық құқығымыз бар. Біз АҚШ, Ұлыбритания, Ұлттық қылмыс агенттігі (NCA) және Швейцарияның Бас прокуратурасына арыз жаздық," – деді Бимұрзин.

Бизнесменнің айтуынша, халықаралық инстанцияларға шағымдану үшін қажетті құжаттар толық дайын.

"Біз барлық келісім-шарттар мен дәлелдерді жинадық. Құжаттарымыз заңдық тұрғыдан бірдей күшке ие. Қазір біздің арыздарымыз тиісті мекемелерге жетті. Тергеу басталған жағдайда құжаттардың толық пакетін тапсыруға дайынбыз. Егер күтпеген жағдайлар болып, отбасымызға қауіп төнсе, құжаттарды тергеу органдарына жеткізетін сенімді адамымыз бар," – деп атап өтті ол.

Нұрлан Бимурзин активтерінің Қытайдың SinoOil компаниясына заңсыз сатылғанын мәлімдеді.

"Біздің сегіз мұнай базамыз бен 90-нан астам жанармай құю станциямыз жалпы құны 7,126 миллиард теңгеге сатылды. Алайда компаниямыздың нарықтық құны сол кезде 160-170 миллион доллар болған. Активтеріміз үш есе төмен бағаға сатылды," – деді кәсіпкер.

Бимурзиннің айтуынша, бұл іске Валентина Рогованың белсенді қатысы да бар.

"Рогова SinoOil компаниясына біздің активтерімізді тіркеуге арналған құжаттарға тікелей қол қойған. Бұл рейдерлік шабуылдың негізгі дәлелі," – деді ол.

Айта кетейік, 28 ақпан күні Бимурзин Назарбаева мен Рогова тарапынан рейдерлік шабуыл жасалғанын мәлімдеді. 14 наурызда Бас прокуратура рейдерлік іс бойынша арызды тіркеген. Ал 10 маусымла Назарбаева сотта қазақстандық кәсіпкерлерге жеңілген еді.

Бимурзин әділдік үшін күресті жалғастыратынын, ал Назарбаева мен Рогованың іс-әрекеттері үшін жауап беруі тиіс екенін айтты.

Пікірлер