«Ауыл – ел бесігі» жобасы Әулиеата ауылдарына әр беруде

3984
Adyrna.kz Telegram

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған бірегей бастама. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да аталған жоба аясындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.

Бүгінде жоба аясында облыстағы Байзақ, Жамбыл, Шу аудандарының орталықтарында 108 жоба іске асуда. Бұл бағытта 2 миллиард 77 миллион теңге қарастырылған. Оның 104 жобасы әлеуметтік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымдары нысандарын жөндеу бойынша, қалған 4 жобасы әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуге арналған. Қазіргі таңда 31 нысан толықтай салынып бітті.

«Президентіміз 2020-2024 жылдарға осы «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды үш есеге көтеріп, ауылдық елді мекендерді қамту санын арттыруға бағыттап отыр. Республика тарапынан 373 елді мекеннің қазіргі өңірлік стандарты әзірленді. Сол өңірлік стандартқа сәйкестендіру жұмыстары басталып кетті. Осы сәйкестендіру бағытында бізде 62 тіректі елді мекендер таңдалып алынды. Алдағы уақытта оларды қаржыландыруға бағыттайтын боламыз», - дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова.

Ал, 2020 жылға осы орайда облысқа 2 миллиард теңге көлемінде қаржы лимиті белгіленіп, оған Қордай, Меркі, Саудакент ауылдарында 53 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдардың әрін келтіріп, бойына қан жүгіртіп жатыр. Мысалы  Байзақ  ауданының  әкімі  Рахматілдә  Рахманбердиевтің айтуынша, аталған жоба ауданда сәтті жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша Сарыкемер ауылында барлығы 948,0 млн. теңгеге 29 жоба қаржыландырылған.

Оның ішінде көшелерді жарықтандыруға 372,6 млн. теңге (4 жоба), білім нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге 241,3 млн. теңге (3 жоба), денсаулық сақтау саласы нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге 93,9 млн. теңге (2 жоба), спорт нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге 72,4 млн. теңге (4 жоба), мәдениет саласына 52,5 млн. теңге (5 жоба), жолдарды жөндеуге 108,0 млн. теңге (10 жоба) және жұмыспен қамту орталығының ғимаратын ағымдағы жөндеуге 7,2 млн. теңге (1 жоба) бөлінген.

Қазіргі таңда 29 жобаның 18 жобасының жеңімпазы анықталып, 14 жоба бойынша жұмыс басталды. Бұдан бөлек, ауылдықтардың денсаулығын сақтау шараларына да баса назар аударылып келеді. Қазіргі таңда ауданда медициналық қызмет сапасы және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті тұр.

  «АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер