1 желтоқсан күні Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытайдың сыртқы саяси ведомстволарының басшыларын біріктірген «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуі өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастап жүрді.
«Кездесуде тараптар саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық байланыстарды дамытуға және мәдени-гуманитарлық алмасуларды нығайтуға өз міндеттемелерін растады. Министрлер «Өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі және орнықты дамуы» тұжырымдамасы шеңберінде бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті»,—деп жазды СІМ баспасөз қызметі.
Кездесу барысында су ресурстарын, жаңартылатын энергетиканы және қоршаған ортаны қорғауды қоса алғанда, экологиялық тұрақтылық саласындағы ынтымақтастықты арттыру уағдаластығына қол жеткізілді. Сондай-ақ, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін білім, туризм және мәдениет саласындағы алмасу бағдарламаларын тереңдету туралы шешім қабылданды.
Тараптар 2025 жылы «Орталық Азия – Қытай» форматындағы келесі кездесуді Қазақстанда өткізуге келісті.