Грузия астанасы Тбилисиде 4 күн ішінде шеруге шыққан 224 адам ұсталды. Бұл туралы бүгін, 2 желтоқсанда елдің ішкі істер министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Демонстранттар Еуроодаққа қосылу туралы келіссөздерді тоқтатқан үкіметке наразылық білдіріп отыр. Олар Тбилиси орталығындағы Руставели және Костава даңғылын жауып тастаған болатын.
Ұсталған азаматтар ұсақ бұзақылық жасады деп айыпталуда. Сот қазірдің өзінде 36 адамға айыппұл салды, тағы 34 адам әкімшілік қамауға алынды. Ал сотқа барлығы 98 адамға қатысты материал келіп түсті.
Полицияның мәліметінше, тәртіпсіздік салдарынан ішкі істер министрлігінің 113 қызметкері зардап шеккен. Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды.
Айта кетейік, Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді 4 жыл мерзімге тоқтата тұруды ұйғарғанын хабарлаған. Бұл шешім көпшілікке ұнамады. Тбилисидегі шерулер барысында шерушілер мен полиция арасында қақтығыс өршіп, жағдай ушыға түсті.