Тұңғыш президент күнінің ертесінде. Нұрқаділовтің тұғырдағы мүсіні ашылды

580
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы бүгін, 2 желтоқсанда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бұл шара президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді»,—делінген хабарламада.

Ескерткіштің ашылу рәсімі Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты. Ескерткіштің ашылуын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев ашып, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюстің ашылу рәсімін орындады.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегінің ұлт тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді.

«Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз»,—деді ол.

Өзінің адалдығымен және шыншылдығымен танымал болған, сонымен қатар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынаудан қорықпайтын, өмірінің соңында оппозицияда болған Заманбек Нұрқаділов 2005 жылдың 12 қарашасында Алматыдағы өз үйінде өлі күйінде табылған.  Ресми мәлімет бойынша, 61 жастағы белсенді өз-өзіне қол жұмсаған-мыс.

Заманбек Нұрқаділов өз пікірін айтудан, билік басындағыларды сынаудан қорықпайтын принципшіл саясаткер ретінде Қазақстан тарихында ізін қалдырды. Ол жылдар бойы «Казселезащитаны» басқарды, «ГлавАлматыСтрой» мекемесін басқарды, бір кезде құрылысшы мен оператордың жұмысын қатар алып жүрді – Алматы қалалық атқару комитетінде құрылыс бөлімінде нұсқаушы болды. Алматы қаласы мэрі болып тұрғанда көптеген даулы мәселелермен бетпе-бет келген.

1985 жылы – қайта құру қарсаңында қалалық атқару комитетінің төрағасы болды. 1990 жылы ХІІ сайланған Жоғарғы Кеңестің депутаты болды.

1991 жылдың көктемінде Нұрқаділов қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы және бір мезгілде коммунистік партия қалалық комитетінің бірінші хатшысы болды. Одан кейін ол сол кездегі астана Алматы әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Сол қызметінде жүріп билікті сынаған сенсациялық сұхбатынан кейін Алматы қаласының әкімі қызметінен кетеді, ал 1995 жылы желтоқсанда ол жеңіске жеткен Мәжіліске алғашқы сайлауда өз кандидатурасын ұсынады. Депутат болған соң үкіметті сынай бастайды.

Осы кезеңде оның Назарбаевпен ашық текетіресі басталды деген болжам бар. Одан кейін Алматы облысын басқарып, Талдықорғанмен бірігіп, Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы болып, аудандағы мәселелерді көтерді.

2024 жылы 23 мамырда Алматыда  мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге ескерткіш тақта да орнатылған. Биліктің Нұрқаділовті шектеулі болса да ұлықтауы "Жаңа Қазақстан" түсінігінің тарауына себеп болған. Оның Кегендегі мүсінін ашу әуелде 25 қазанға жоспарланған. Алайда саясаткердің алғашқы зайыбы Нұрбике Нұрқаділова дүние салып,  ескерткішті ашу рәсімі кейінге сырғытылған.

Пікірлер