Ескі мен жаңа, ақ пен қара. Назарбаевтың күйеу баласы активтерді қайтару комитетімен соттасуда

1310
Adyrna.kz Telegram
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың олигарх күйеу баласы Тимур Құлыбаев Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетін сотқа берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Талапкер: «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының активтерін қайтару комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі. Жауапкер: Құлыбаев Тимур Асқарұлы»,— делінген 18 қарашада басталған процестің тараптарының сипаттамасында.

Іс судьяға беріліп, апелляция сатысында қаралып жатыр. Әзірге басқа ақпараттар жарияланбады.

Айта кетейік, бұған дейін Құлыбаев Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетінің әрекетіне шағымдану үшін бірнеше рет сотқа жүгінген болатын. Алайда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты оның арыздарын қайтарып тастаған.

Бұдан алдын Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысының орынбасары Жеңіс Елемесов бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары мен күйеу баласына қатысты ешқандай тергеу жүргізілмейтінін айтқан болатын.  Жуырда белгілі болғандай, Joint Resources қаржылық есебіне сәйкес, Тимур Құлыбаевтың компаниясы 39 миллиард теңгеден астам таза пайда алған. Бұл компания энергетика, тау-кен және мұнай салаларындағы активтерді басқарады.

Биыл Тимур Құлыбаевтың Атырау облысындағы «Каспий нефть» компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынған.

«АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану қызметінде құралған 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анықталды. Прокурордың ұсынысын қарау нәтижесі бойынша Атырау облыстық сотының сот алқасының 02.07.2024 жылғы қаулысымен «Каспий нефть» АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 684 868 730  теңге айыппұл салынды», - деп хабарланған сол кездегі ақпаратта.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те Тимур Құлыбаевтың компаниясы Алматы әкімдігінен 34 миллиард теңге өндіріп алмақ ниетте екенін айтып, дабыл қаққан. Депутаттың айтуынша талап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жерін қайтару ісімен байланысты болған. Депутат өз өтінішін Бас прокуратураға жолдаған.

"Сот шешімі бойынша бизнес орталық салатын жерінен айырылған Тимур Құлыбаевтың фирмасы Алматы әкімдігіне 34 миллиард теңге сомасында шот-фактура жасады. Енді соттан ұтылғаннан кейін компания бизнес орталықтың құрылысына салған өзінің заңсыз инвестицияларын өндіріп алғысы келеді. Бұл әкімдік заңсыз берген барлық жер учаскелері жобаларға байланысты", – деген еді депутат.

2017 жылғы 1 тамызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы әкімдігіне әл-Фараби даңғылы, 71 мекенжайы бойынша жер учаскесінің шекараларын түзету туралы өтінішпен жүгінген. Жалпы ҚазҰУ өз аумағын бір гектарға – 73,2-ден 72,1 гектарға дейін қысқартуды жоспарлағаны айтылады.

Пікірлер