Пентагон: Мәскеу АҚШ-ты Украина аумағына жаңа зымыран ұшырар алдында хабардар етті

901
Adyrna.kz Telegram
Фото: АРF
Фото: АРF

Бейсенбі күні өткен брифингте Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх Ресейдің 21 қарашада Украина аумағына орта қашықтықтағы баллистикалық зымыранды (ОҚБЗ) сынақтан өткізгенін растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Голос Америки” агенттігі жариялағандай. Сингхтің айтуынша, бұл зымыран Ресейдің құрлықаралық баллистикалық РС-26 «Рубеж» моделінің негізінде жасалған.

«Зымыран ұшырылмас бұрын қысқа уақыт ішінде ядролық қауіп-қатерді төмендету арналары арқылы алдын ала хабарлама алдық», – деді АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі.

«Бұл өлімге әкелетін жаңа түрдегі қару, ұрыс алаңында қолданылды, сондықтан бұл, сөзсіз, алаңдаушылық тудырады», – деп атап өтті Сингх.

Ол бұл орта қашықтықтағы зымыранның кәдімгі де, ядролық та оқтұмсықтарды алып жүруге қабілетті екенін айтты.

Бейсенбі күні Владимир Путин Ресейдің жаңа «Орешник» баллистикалық зымыранын ядросыз гипердыбыстық жабдықтауда қолдана отырып, Днепр қаласындағы қорғаныс-өнеркәсіптік кешен нысанына соққы жасағанын мәлімдеді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский бастапқыда Мәскеу украин аумағына құрлықаралық баллистикалық зымыранмен соққы жасады деп мәлімдеген болатын.

Ракета жылдамдығы 10 махқа дейін жетеді – бұл секундына 2,5–3 шақырым, деп хабарлайды «Азаттық радиосының» ресейлік басшының мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып. Путиннің айтуынша, бұл зымыранды АҚШ пен Еуропада жасалатын қазіргі заманғы әуе қорғаныс жүйелері ұстап тұра алмайды.

Кремльдің мәлімдеуінше, бұл ұшырылым 19 және 21 қарашада Украина Қарулы Күштерінің Брянск және Курск облыстарындағы нысандарға соққы жасағанына жауап ретінде болған. Бұл соққыларда ATACMS және Storm Shadow (SCALP) сияқты америкалық және еуропалық өндірістегі зымырандар қолданылғаны айтылады.

Еске сала кетейік, осы аптада АҚШ президенті Джо Байден Украинаға Вашингтонның ең ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандары – ATACMS қолдануға рұқсат берген болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұл америкалық зымырандарды қолдану Украинаға Курск облысындағы шекара маңындағы аумақты қорғауға көмектесуі мүмкін.

Пікірлер