Home » Айдарлар » Ұлттық ойын » Ұлттық ойын – ұлт игілігі

Ұлттық ойын – ұлт игілігі

Халқымыздың тарихи-мәдени мұ­ра­ла­рының түрлері сан алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары. Бүгінде ойынды халық педагогикасының құрамды бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп ойынның аталып жүруі де жайдан-жай емес. Ұлт ойындары атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі де болған. Әрине, ойын өнер ретінде әдебиет пен мәдениеттің сан алуан түрлерімен қабысып, астасып келіп, бірін-бірі толықтырып, байыта түседі.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға, малға байланысты, сондай-ақ түрлі заттармен ойналады. Айгөлек, аударыспақ, бағанаға өрмелеу, бөріктастамақ, бұғыбай, бұқатартыс, бұрыш, жасырынбақ, жаяу жарыс, көкпар, көрші-көрші, күрес, қарамырза, қассың ба, доссың ба?, орын тап, отырмақ, санамақ, сұрақ-жауап, тасымалдау, тең көтеру, тымпи-тымпи, ұшты-ұшты, асау үйрету, ақ сүйек, бастаңғы, ине жасырмақ, алтыбақан, тоғызқұмалақ, асық ойындары, осы секілді ойындар кім-кімнің де көңілін көтеріп, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, ширықтырып, шынықтырады. Ал ат омырауластыру, аударыспақ, жорға жарыс, көкпар тарту, теңге алу, қыз қуу, қыз жарысы, т.б. ат сайысындағы кейбір ұлттық ойындар Олимпиада ойындарының жоспарына енгізілген.

 

Көкпар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


КӨКПАР.
 

Әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алғанда өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, мәз-мейрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналған. Көкпар Орта Азия халықтарының да сүйікті ойыны. Көкпар жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес дайындалады. Егер әр команда 5 адамнан болса, алаңның аймағының ұзындығы 300 метр, ені 100 метр; 10 адамнан болса 500х200 метр; 15 адамнан болса 700х300 метр; 20 адам болса 1000х500 метр. Көкпарда басы кесілген серке тартылады. «Дода және жеке тартыс» аталатын екі түрлі әдістің екеуінде де ат пен жігіт сынға түседі. Қазір көп жерде дода тартыс қана ойналып жүр. Көкпардың бұл түрі көрерменді қызыққа бөлейтін әдіс. Ал жеке тартыстың шарты бойынша өз тобынан екі-екіден тартыс­керлер шығарады. Сайланған төрт жігіт өздерінің қайрат-күшін елге танытады. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды.Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Ол да жармасып, бос сирақты тақымға басып, тартыса бастайды. Серіктері жолдастарын жебейді. Қайсысы көкпарды  жұлып алса да серігіне береді. Ол өз тобына қарай ала қашады. Қарсыласы қуалайды. Жетіп ұстаса, қайта тартысады. Осы арада көкпарды жұлып алған жігіт тез қимылдап, қарсылас топқа апарып тастайды. Ал аты жүйрік жігіттер тартыс кезінде лақ қолына тисе, жеткізбей кетуі мүмкін. Көкпар тартуға араласа алмайтын қарттар, балалар көкпаршы жігіттердің осы ойындарын қызықтайды. Жүйрік ат пен мықты жігіттің қайратына сүйсінеді.

ЖАМБЫ АТУ. 

Шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп, атып түсіру мақсатына негізделген. Бұл ойынның нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери ойынның  пайда болуымен байланысты болған,  оның қажеттігі XVIII ғасырға дейін сақталған. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік  бағана, болмаса ұзын сырық (дарақ) қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы, ай қабақ, алтын қабақ) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы дәлдеудің басқа да  түрлері кездескен. Соңғы кезде мылтық (карабин, винтовка, пистолеттер) жиі пайдаланып жүр. Жамбыны, көбінесе ілінген жіпті көздеп атып түсіреді. Жамбы ату қазақ сарбаздарының әскери дайындығының бір түрі болып есептелген.

ҚЫЗ ҚУУ. 

Қазіргі таңда бұл ойынның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстанда қыз қуудың алғашқы спорттық жарыстары 1923 жылы өткізілді. Содан бері мерекелік бағдарламаларға енгізіп келеді. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт айналып қайтатын жерге дейін алдында атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюге тиісті. Бұл – жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігітті, оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені.

АУДАРЫСПАҚ. 

Бұл ептілікті, икемділікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты, ат құлағында ойнауды талап ететін спорттық ойын. Сайыскерлер бір-бірін жекпе-жек бәсекеде ат үстінен аударып түсіруі керек. Жарыс жекелей және командалық жүйемен жүргізіледі. Аударыспаққа үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалады. Оған он сегіз жастан асқан қарулы жігіттердің қатысқаны жөн. Аударыспақ ойынының ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Өзінің бәсекелесін аттан аударып түсірген немесе оның денесін жерге тигізген спортшы жеңіске жетеді.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ.

Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойы­ны – тоғызқұмалақ.
Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді қолданылады. Қазіргі таңда рес­публикада оның жеке қауымдастығы бар, облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылған.
«Қазақ күресі» мен «Тоғызқұ­малақ» ойыны халықаралық деңгейге көтерілді. Жастарымыз спорттың осы түрлеріне қатты қызығушылық танытып, көптеп тартылуда. Бұл екеуі Олимпиадалық ойындар қатарына енудің сәл-ақ алдында тұр. Сондай-ақ бүркітшілеріміз де жылдан-жылға табысқа жетуде. Бұған дәлел, бүркітшілеріміз Дубай, Англия, Болгария сынды бірқатар елдерге барып, баптаулы бүркітін «қансонарға» – халықаралық жарыстарға салып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Одан басқа «Жекпе-жек», «Бес қару», «Ер жігіт ойы­ны» секілді ұлттық спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру қарқын алып келеді.

ТЕҢГЕ АЛУ.

Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үлкен шабандоздық тәжірибені талап етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сауық-сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен  шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі.

АҚ СҮЙЕК.

Ай сүттей жарық түн­дері, жазды күні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнай береді. Ойынға ерте кезде ірі қараның қураған қу жілігі пайдаланылған. Сондықтан ойын да «Ақсүйек» атанған. Ойынға келгендер екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақ сүйекті әуелетіп алысқа лақтырады. Басқалар ай сәулесіне шағылыса жарқылдаған ақ сүйектен көз айырмай қарап, қай шамаға түсетінін бақылайды. Ақ сүйек жерге түскен соң, бастаушы: «Ал іздеңдер» деп бұйырады. Бәрі іздейді. Ақ сүйекті тапқаны: «Мен таптым!» деп айқайлайды да, ақ сүйекті жоғары көтеріп көрсеткеннен кейін сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Қарсыластары оны қуып жетіп ұстап алуға тиіс. Ұсталып қалса, ол ақ сүйекті өзін ұстаған ойыншыға береді. Ол әрі қарай жүгіреді. Сөйтіп, ақ сүйекті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, солар жеңімпаз атанады. Жеңілген топ ән салып немесе басқа да өнерлерін ортаға салуы тиіс.

АҚШАМШЫҚ (сақина салу).

Жеребе арқылы бір қыз, бір жігіт ортаға шығады. Басқалары екі қолдарын уыстаған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатынасушыларды түгел аралап өтеді. Содан кейін жігітке: «Сақинаны тап!» деп бұйырады. Барлық ойыншы сақинаны іздей бастаған жігітке қарап, қуыстанып сезіктегендей кейіп байқатады. Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан: «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы айып тартады. Таппаса, іздеушінің өзі айыпты. Ал айыптың өтеуі көпшіліктің қалауы бойынша орындалады. Ол көбіне ән салу, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, салмақ көтеру секілді қызықты болады. Осыдан кейін ортаға келесі жұп қыз бен жігіт шығарылады. Бұл ойында қыздар жағы тек сақина салушы ғана болады. Ал іздеуші – жігіт. Ол әр ойыншының алдына барғанда әзіл айтып, күлдіріп жүру немесе басқа да әдістер арқылы сақинаны ұстап отырған ойыншыны оңай тауып алуына болады.


ТЫМПИ.

Ойынға қатысушылар шеңбер жасап, дөңгелене отырады. Ойын­ды жүргізуші: «Ал ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» деп бұйырады. Бұдан кейін бірде-бір ойыншы дыбыс шығармауы, үн қатпауы керек. Мұнда жүргізуші ғана сөйлеуге ерікті. Жүргізуші әзілкеш, күлдіргі болуы керек. Ол әзіл-қалжың сөздерді айтып немесе күлкілі іс-қимылмен қалай да біреуді күлдірудің амалын жасайды. Қалжың жыр да айтады. Бұл жерде тек қалжың өлеңге қатысушылардың атын қосып, шамдандырмау керек. Жаңылыстыру үшін неше түрлі сұрақтар қойып, көздеріне төнеді. Біреу абайсыз жаңылып сөйлесе не күліп жіберсе, айып тартады. Айыпты өлең айтады, ән салады не би билейді.

БАСТАҢҒЫ.

Ауылдағы үлкен кісілер бір жаққа қонаққа немесе басқа себептермен кеткен жағдайда қыз-келіншектер бас қосып, бір үйге жиналады. Сөйтіп, «бастаңғы» ойынын өткізеді. Мұнда бәрі емін-еркін ойнап-күліп, қысылып-қымтырылмай сырласады. Бұл ойынға қыздардың қалауы бойынша жас жеңгелері де қатысады. Қазақтың отбасы тәрбиесіндегі «Қызға қырық үйден тыйым» деген қатал тәртібі қыз баланың жөнсіз жүруіне жол бермейді. Ол бүкіл отбасының абыройы. Оның үйінен себепсіз не рұқсатсыз ұзап шығуы ата-ананың намысын қорлайды. Бастаңғы – қыздардың үй іші шаруасында өз бетімен еркін әрекет етуінің бір шарасы. Бастаңғыға жиналған қыздардың әрқайсысы тәтті-дәмдіні, құрт-майды үйден ала келіп, ортақ дастарқанға салады. Тамақты өздері әзірлейді. Бұл ойынның астарында үлкен тәрбиелік мән жатады. Қыздар осы ойын арқылы қонақ күтудің, табақты мүшелеп тартудың жөнін іс жүзінде орындап байқауға бейімделеді. Бұл жерде өлең айтылмайды, шу болмайды. Алайда басқа ойын ойналып, көңілдерін көтереді. Үлкен кісілер байқаусыз келіп қалып, көздеріне түспеу үшін құрт-май, тәтті беріп, үй маңында сенімді, тіл алғыш балаларды қарауыл қылып қояды. Өйткені бұл қылықтарын үлкен кісілердің біліп қоюын әбестік деп ұғады. Бастаңғы – қазақ қыздарының ежелден келе жатқан дәстүрлі ойыны.


АЛТЫБАҚАН.

Қатысушылар санына шек қойылмайды. Алтыбақан далада, алаңда, алаңқайда көбіне көктем, жаз кештерінде өтеді. Алтыбақан ойынына ұзындығы 3,5-4 метрлік алтыбақан және үш мықты арқан керек. Алтыбақан әрқайсысы үш-үштен мосы тәрізді етіліп арақашықтығы 50-70 сантиметрге жерге төбелері түйістіріліп орнықтырылады да оған көлденең арқалық ағаш байланады. Ал үш арқанның ұшын сол көлденең арқалыққа бекітеді. Дайын болған алтыбақанға әдетте қыздар мен бозбалалар жұп-жұп болып, алма-кезек ауысып тербеледі де әуелете ән шырқайды. Қалған ойыншылар өз кезектері келгенше әнге қосылады. Көңілді күлкі, шат-думан түннің біруағына дейін созылады.


ҚЫЗ КӘДЕ.
 

Бұл ойында ұзатылатын қыздың жеңгелері мен күйеудің қосшылары тартысқа түседі. Ойынды қыз жағының жеңгелері бастайды. Олар «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» деп жол-жора жасаттырады. Екі жақ әзіл-қалжың қағыстырып, өнер жарысына түседі. Кейбір аймақтарда ұзатылғалы отырған қызды үйден кілемге салып көтеріп алып шығып, дәл аттанар сәтте ойынды бастайтын болған. Ал Қазақстанның кейбір өңірлерінде «қыз кәде» қызды аттандырудан бір күн бұрын өткізілген.


АРҚАН ТАРТУ.
 

Бұл ойынды ойнау үшін алдымен бес-алты ойыншы тартқанда үзілмейтін арқан дайындап алу қажет. Арқан тартысу әр жерлерде әртүрлі болады. Ортаға бір сызық белгілеп, ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де, арқанды екі жаққа тартады. Тартыста қай топ әлгі сызықтан өткізіп әкетсе сол топ жеңіске жетеді. Бұл ойын қатынасушылардың күш-қуатын дамытуға, таза ауада демалып, еңбектенуге үйретеді.

Тамыры тереңнен тартылған ұлттық спорт түрлері халық құндылықтарының ажырамас бөлігі. Сондықтан оның өрісін кеңейтіп, дені сау, өресі биік ұрпақ тәрбиелеуде сенімді құралға айналдыра білсек ұтқанымыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған осынау мұрасына ісімізбен адалдық танытсақ, әрине, өзімізге пайда. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, шапшаңдылықты, ептілікті, тапқырлықты, табандылықты, байсалдылықты, т.б. мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдылығын, білек күшін, дененің сомдалып шынығуын қажет етеді. Сонымен бірге бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғарғы принциптеріне де негізделген. Санамалай берсеңіз, қазақтың ұлттық ойындарының түрлері өте көп.


 

Дайындаған Исатай ҚОРҒАНБАЕВ, Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілі». 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

«Арлан сайысы» жеңімпазары анықталды

Алматыдағы «Алматы-Арена» спорт кешенінде өткен ЖОО студенттері мен спорт клуптарының шәкірттері қатысқан (18-29 жас аралығы) ...