Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс мәселелері бойынша кездесу өтті

121
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі» тақырыбында М.Әуезов атындағы ОҚУ-да арнайы кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Жастармен кездесу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмасы аясында көпшіліктің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық санасын жоғарылату мақсатында қалалық прокуратура, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, қалалық Жастар орталығының бірлесуімен өтті.

Кездесу барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң бұзушылықтарға жол бермеу және жастар арасындағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету мәселелері талқыланды. Спикерлер студенттерге құқықтық жауапкершілік туралы толық ақпарат беріп, құқық бұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтірді.

Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Құрманғали Сарықұлов жүздесудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, аға әділет кеңесшісі Әбдіраман Аққұлов «Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері» баяндамасында жас буынды еліктеуден сақтануға шақырып, сот ісіндегі жағдайлардан мысалдар келтірді.

Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаев өз сөзінде жастар арасында құқық бұзушылық жағдайлардың саны артып отырғанын атап өтті.

– Биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,2 пайызға артқан. Әсіресе, есірткі, синтетикалық есірткі саудасында әлеуметтік желілер арқылы жастардың көптеп алдану фактілері көп. Оларға 7-10 жылдан артық бас бостандығынан айыру жазасын алады. Бүгін осы бойынша арнайы дайындалған бейнероликті жастардың назарына ұсынамыз. Сонымен қатар, қала прокурорының шешімімен 71 мобильді топ құрылды. Олар 469 рейдтік шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде 4800 кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бей-берекет жүруі, 5000 үстінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарға барлық мемлекеттік ұйымдарды үйлестіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда, – дейді Қайсар Қалдабаев.

Кездесуге арнайы шақыртылған бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы жастарды жат қылықтардан сақтануға шақырып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ұсыныстарымен бөлісіп, сала өкілдеріне өз сауалдарын жолдады.

Осындай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізетіні кәміл.

Пікірлер