Назерке ЖҰМАБАЙ. ҚЫДЫР АТА: АҢЫЗЫ МЕН АНЫҒЫ

6362
Adyrna.kz Telegram

Наурыздың басты кейіпкері – Қыдыр Ата десек, осы бір бейнені төңірегінде әртүрлі пікірлердің айтылатыны жасырын емес. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша «21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен» деген сенім қалыптасқан. Жаңа жылға, жаңа күнге, жаңа таңға сәлем жасау, жаңа нұрға шомылып, жан мен тәнге қуат алу уақыты  – осы наурыз айының 21-нен 22-не қараған түнді халық «Қыдыр түні», яғни ырыс түні деп атаған. Бұл түні адамдар ұйықтамай,  Жаратқанға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілейді. Байырғы қазақ елінің Наурызды қарсы алуындағы ежелгі наным-сенімі бойынша, дәл осы кеште даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті қазақ үшін Наурыз түні «Қыдыр түні» аталып, қасиетті саналған.  Ал осы «Қыдыр түнінде» ел аралайтын Қыдыр Атаның қазақ өміріндегі орны қандай?  Бүгінде бәзбіреулер  осы бір бейнені, тіпті қазақтың «аяз атасы» деген ұғымға теліп жүр. Бұл қаншалықты дұрыс? Жалпы,  адамдарға дәулет дарытып, бақ қондырады дейтін ізгі сеніммен астасып жататын  аталмыш әулие бейнесінің қазақ өміріндегі орны қандай? Қыдыр Ата аңыз ба, әлде ақиқат па?..

Этнографтардың пікірінше, ислам, дінінде Қыдыр – ел аралайтын адам бейнесіндегі «әулие», адамдарға қамқоршы, «дәулет» беруші екен.  Діни наным бойынша, әрбір нәрсенің иесі болады-мыс. Мысалы, олар түрлі құс, адам, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді дегендей сенімнен туған «құт», «дәулет», «ырыс» ұғымдары.  Сондай наным тудырған кейіпкердің бірі – осы Қыдыр. Қыдыр Ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр Атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, көшет отырғызып,  өсімдікке су құяды. «Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деп сеніп, Наурызға дейін үй ішіндегі мүлік, жиһаздардың шаңын сүртіп, жуып, төсек орынды, киім-кешекті сыртқа шығарып қағып-сілкіп, бәрін де тазартып қоятын болған.  Бұрындары қазақтардың Қыдыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенінде оның іші жап-жарық болып тұрсын деп, төрге қос шырақты жағып қоятыны және бар. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр Ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындай игі сенімнен шықса керек.
Сондай-ақ халқымызда  «Береке басы – Наурызда»,  «Жыл басы жақсы басталса, аяғы ырысты болады» деген наным да бар. Осыған орай бұрындары ата-әжелеріміз: «Жыл бойы ақ мол, дәнді дақыл бітік, жауын-шашын көп болсын», – деп, Қыдыр түні үйдегі ыдыстардың бәрін ырысқа – бидайға, тарыға, сұлы, жүгеріге, аққа – сүтке, айранға, шұбатқа, шалапқа, уызға және кәусар бұлақ суына толтырып қоятын болған.
Ал енді қазақтың салт-дәстүріндегі Қыдыр Атаға үңілер болсақ, ол –  әулие, көріпкел, жақсылықпен жарылқаушы, бата беруші, әйтеуір, бар жақсылықты адамзатқа дарытушы деген сенім аясында түсіндіріледі. Десек те, бұл сөздердің аңыз-әпсәнәға ұласып жатқан жерлері де баршылық. Сонымен, Қыдыр Ата кім болды?

Кітап деректеріне сүйене отырып, Қыдыр сөзін қазақшаға аударсақ,  «жасыл адам» деген мағына береді екен. Яғни  «Хадар» – арабша жасыл деген сөз. Ал  «Хадрауат»  – жасыл көкөністер дегеннің баламасы болып табылады. Наурыз түні ел кезіп жүретін әулиенің Қыдыр деп аталуына бұдан өзге де бірнеше дәйектемелер бар. Атап айтар болсақ, егер Қыдыр Ата бір жерге отырып, кейін ол жерден тұрып кеткенде, әлгі отырған жері жап-жасыл боп қалады делінсе, және бір деректерде ол кісі жасыл киім киіп жүруі себепті де  жасыл адам, яғни Қыдыр деп аталып кеткен екен деген болжамдар айтылады.

  Ал бұған  белгілі этнограф-жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің  «Қазақ әлемі» атты еңбегінің  228-бетінде былай деп түсінік береді:  «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн  – «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр Атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр Ата түн ортасы ауа дала кезеді. Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, «Қызыр назарын аударып бақытты боламыз»  – деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді. Осынау қызық-думанның ішінде «жанды-қуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс атып қояды, бар елге хабар бер!» –  деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады…».
Және бір зерттеуші­лердің айтуынша,  күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себезгілеп атқан кезде Жаңа жыл туады. Біздің өңірімізде бұл сәт таңғы сағат 3-ке тұспа-тұс келеді екен. Сол себепті қазақ халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурызды, Жыл басын  наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 3-те қарсы алады. Яғни  Жаңа жылды ұйықтамай ақ тілек, ақ ниетпен қарсы алу үшін қызық думан құрып, арнайы салт-дәстүрлерді орындап, жыл басын қарсы алуға ерекше дәм әзірлеп, айрықша дайындалған десе,  қос ғалым Г.Селезнев пен А.Селезневалардың пайымдағанындай, Қыдыр Ата жиынтық бейне ретінде көрсетіледі. Ол антропоморфтық түрдегі бейне түрінде түйе жетектеген аппақ киімдегі әулие болған деп суреттейді. Оның бейнесі жармақ тәріздес: деректі һәм дерексіз. Ал Орталық Азияда Қыдыр Ата жер өңдеу, егіншілікпен тығыз байланыста болған деген деректер де келтіріледі кейбір дәйек көздерінде. Яғни  егістік алқабын қолымен аялап, бар мейірін төксе, сол жылы өнім мол болады деген сенім қалыптасқан. Кейбір деректерде Қыдыр Ата жан-жануарлардың да жебеушісі ретінде ғұмыр кешеді деген наным бар. Егер адам ұлыс күні аппақ мысық, болмаса аппақ итті көрсе, ол да Қыдыр Атадан келген шапағат, нұр деп қабылданған.

Енді көркем әдебиетке келетін болсақ, халық ертегі, жыр-дастандарында және жалпымұсылмандық ұғымда Қыдыр ата бейнесі  деректі де, дерексіз де, яғни ақиқаттық та, аңыздық та бейнеде келе береді.   Деректі кейпінде желмаясын жетектеген жиһанкез, абыз ақсақал, халыққа дұрыс жол нұсқаушы кемеңгер қария кейпінде көрінсе, дерексіз кейіпте әулие, жоғарыдан аян беруші, жақсылықпен жарылқаушы болып суреттеледі. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырындағы Баба Түкті Шашты Әзиздің образы да осы Қыдыр Атаның феномені деген болжамдар  бар. Яғни  Қыдыр Ата – жақсылықтың  нұсқаушысы ретіндегі символикалық бейне.  Сондықтан жоғарыда ғалымдар тарапынан айтылған пікірлерден түйеріміз – Қыдыр ұғымының астарында исламға дейінгі мифтік бейнелермен астасып жатқан әлі де құпиясы ашылмаған күрделі образ жасырынып жатыр.

Орайы келгенде айта кетерлік және бір жайт – көпшілік қауым  арасында  «Қыдыр Ата» мен «Қадыр түнін» шатастырып жататындар да жиі кездеседі.  Алайда деректік тұрғыдан зерделегенде,  Қыдыр Ата мен  Қадыр түні екеуі екі бөлек нәрсе. Қыдыр түні Наурыз айында туса, қасиетті Рамазан айының соңғы он тақ түндерінің бірі – Қадыр түні деп аталады. Қадыр түні көбінесе қасиетті айдың 27-ші түніне сәйкес келеді. Сондықтан, бұл түнде  Қыдыр Ата келеді дегеніміз негізсіз пікір екен. Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Негізінде, Құранды Қадыр түнінде түсірдік. (Мұхаммед с.а.с.) Қадыр түнінің не екендігін білесің бе? Қадыр түні мың айдан хайырлы. Періштелер мен Жәбірейіл періште ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін (Жер бетіне) түседі. Ол бейбітшілік кеші (болған қадыр түні) таң рауандағанға дейін жалғасады» – деген пікірлермен астасып жатқан, яғни Рамазан айының тақ жұлдызында туатын қасиетті түнінде Қыдыр Атаның емес, періштелердің түсетіндігі жайында аяттар осы ойымызға дәлел бола алады.
Назерке  Жұмабай

 
Жаңа жылдық жоралғы

«ҰЙҚЫАШАР» – «Қыдыр түні» дайындалатын дәм. Ауылдың бойжеткендері өздері ұнататын жігіттерге арнап соңғы етін уызбен бірге пісіріп, Жаңа жылды өзімен қарсы алғалы отырған ғашығына ұсынатын қазақтың әдемі дәстүрлердің бірі.

«СЕЛТЕТКІЗЕР»  – «Қыдыр түні» өздеріне «Ұйқыашар» беріп, ынта-ықыласын білдірген, ұйықтап қалмай Жаңа жылды қарсы алуға көмектескен бойжеткендердің қолақысын қайтару мақсатында бозбалалар оларға алдын ала әртүрлі сыйлықтарды дайындап қояды. Оны «Ұйқыашардан» соң бойжеткендерге сыйлайды. Мұны қазақ «Селтеткізер» деп атайды. Сыйлықтардың ішінде айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі болып саналады.

Рәсім

«Өзiмiз бала күнi көрген наурыз ерекше болатын. Ондайда көпшiлiк ұлыстың ұлы күнi басталмай тұрып-ақ, бiр-бiрiн құттықтай бастайтын. Сондайда айтылған тiлек-батада есеп болмайды. Бұл – өзiнше бiр ғажап дәстүр! Одан да кереметi – бiр-бiрiн ренжiткендер болса, осы күнi кешiрiм сұрасып, қауышып жатады. Қалай болған да, шамасы келгендер ескi жылдың өкпе-назын, базына-қарызын жаңа жылға қалдырмайды. Соның бәрi наурыз көже қойылған ақ дастарқан басында бiр демде ұмытылып, қалың халық мәре-сәре болады да жатады».

Жағда Бабалық

АЛАШ АМАНАТЫ

«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, Хұты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һәр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді».

Ахмет Байтұрсынұлы

«Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа күншығыс жұрттарының көбі мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі».

Міржақып Дулатов

«Қазақ Жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні (22 март) болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да басып кіріп қалады. Қазақ Жаңа жылын «Наурыз» дейді. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Сондықтан, қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы. Шаруашылық мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл, адамдармен… ұйымдастыратын мейрам ету керек…»

Мағжан Жұмабаев

Пікірлер