Елімізде Республика күні Ұлттық мереке ретінде атап өтіліп келе жатқан жылдардан бері бірқатар жаңа дәстүрлер қалыптасуда. Олардың бірі – кәсіби мерекелерде түрлі сала мамандарына мемлекеттік наградалар табыстау. Бұл тәжірибе еңбек адамдарының мәртебесін көтеру және олардың қоғамдағы үлесін мойындау мақсатында енгізілді.
Дегенмен, кейбір азаматтар соңғы жылдары марапаттардың тым көп беріліп жатқанын алға тартып, сын пікір білдіруде. «Qazaqstan» телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына сұхбат берген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин түрлі сауалдарға жауап берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының беделін арттырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік наградалар арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікке деген құрмет қалыптасады. Биылғы марапаттардың бір ерекшелігі – кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде атап өту дәстүрінің басталуы.
«Биыл біз кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде атап өтуді дәстүрге енгіздік. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, биылдан бастап өнер қайраткерлерінің, журналистердің, кеншілер мен мұнайшылардың және ұстаздардың кәсіби мерекесінде осы мамандық иелерінің ең үздіктерін Ақордада ресми түрде қабылдап, Президент өз қолымен оларға мемлекеттік наградалар тапсырған болатын. Сырттан «осындай жиілеп кетті» деген пікір қалыптасуы мүмкін. Шын мәнінде олай емес. Бұл жердегі басты мақсат – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұрыннан айтып жүрген «еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, ең бірінші еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету. Негізгі мақсат – мемлекеттік наградалар тапсыруда қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, оларға құрмет көрсету.» - деді Ерлан Қарин.
Осы орайда Мемлекеттік кеңесші биыл марапат ие болғандардың қатарында түрлі салалардағы еңбек династияларының өкілдері болғанына аса назар аударды. Мысалы, Республика күнінде мемлекеттік наградалар тапсырылғандардың қатарында 450-ге жуығы әртүрлі өндірісте, зауытта, фабрикада, кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрген қарапайым жұмысшы мамандар. Одан басқа 100-ден аса мұғалім, ғылым, саласының өкілдері бар:
«Биыл Ақордаға шақырылып, марапат тапсырылғандардың қатарында теміржол саласындағы өтілі 800 жылдан асатын еңбек династиясының өкілдері болды. Ұстаздар күнінде Мемлекет басшысы еліміздегі үздік ұстаздарды арнайы шақырып, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ұстазы» деген атақты өз қолымен тапсырған болатын. Бұл да қоғамда ұстаздардың, мұғалімдердің абыройын, мәртебесін арттыру мақсатында жасалып отыр».
Кейбір сыншылар марапаттардың тым көп екенін айтып жатса да, бұл марапаттар жұмысшылар мен қарапайым еңбек адамдарының еңбегін елеу мақсатына негізделген.
Мемлекеттік марапаттардың жиі берілуі, ең алдымен, еңбекке құрмет көрсету және қоғамдағы маңызды мамандықтардың рөлін арттыру үшін жасалып отыр. Бұл шаралар марапат иелерін ынталандырумен қатар, жалпы қоғамның құндылықтарына оң әсер етеді. Алайда, мұндай марапаттардың әділ әрі негізді берілуін бақылау маңызды, себебі қоғамның сенімі – ең басты фактор.