Мәдениет министіріне шабуыл басталды ма?

1237
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ҚР Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса «Facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Мәдениетке мәдениетті білетін басшы керек» деген атпен бір топ қоғам қайраткерлерінің Ашық хатын жариялады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Кеше  12 қарашада екі Еңбек Ері - Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған, Халық әртістері мен Халық жазушылары қостаған әйгілі мәдениет қайраткерлері кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтан жағдайды бақылауға алуды сұрап, Ашық хат жазды. «Мәдениетке мәдениетті білетін басшы керек!» - деп  мәлімдеді өнер тарландары», - деп жазып Қазыбек Иса Ашық хаттың толық мәтінін жариялады.

Ашық хат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке және Қазақстан Парламентінің қос палатасындағы депутаттарға бағытталалған.

Ал оған қол қоюшылар ретінде Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Нұржұман Ықтымбаев, Смағұл Елубай, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов, Қанат Төребай көрсетілген.

«Біз, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері осы хат арқылы отандық кинематография саласында қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық танытып отырмыз. Соңғы жылдары кино саласында бітпейтін жанжалдар көбейіп кетті, атап айтқанда, кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынып, нағыз киногерлердің сөзін ешкім тыңдап жатқан жоқ. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мұның бәрі бүкіл кино мамандардың алаңдаушылығын туғызды. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Жауапты орындарға жазылған хаттар мен шағымдарға мәселені  еш зерттеместен бірсыдырғы жауаптар ғана беріледі. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек екені күн сайын сезілуде. Сол себепті біз, киногерлер отандық кино саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын талап етіп, билікке қайрылуға мәжбүрміз», - деген хат иелері.

Олар Қазақстан президентін Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына шақырып, сонымен қатар  киногерлермен тікелей кездесу өткізуді сұрап отыр.

Ал Ашық хатқа қол қойды деген Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке ешқандай хатқа қол қоймадым дейді.

«Мен ешқандай Ашық хатқа қол қойған жоқпын. Тек министрдің қабылдауына жазылуды өтініп, хат жолдаған болатынбыз. Ал қазіргі мәдениет министрлігіне көңілім толады. Министрліктің жұмысына қарсылық білідіретіндей еш хатқа қол қоймадым», - деді Асанәлі Әшімов.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бүгін тағы «Facebook» желісінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалын жариялады. Онда еліміздегі мәдениет саласындағы үздіксіз жалғасып жатқан келеңсіздіктерге, ұлттық кинодағы ауыр ахуалға ең алдымен мәдениеттен хабарсыз мәдениет басшылары жауапты екенін мәлімдеп, үкімет басшысынан шұғыл шара қолдануды талап еткен.

Максим Рожин министрдің жұмысын оң қарайтынын, жүйелі жұмыс жасалып жатқанын айтты.

«Депутаттық сауал кезінде мен сұхбат (интервью) беру үшін сыртқа шығып кеттім. Депутаттық сауалды тыңдаған жоқпын. Ол туралы кейін, жарияланған соң ғана білдім. Жалпы министрдің жұмысына оң қараймын. Түсіндіре кетейін: Министрдің бұл позицияға алғашқы келген кезінде де, екінші тағайындалған кезінде де балаларға арналған контентті жалпы мемлекеттік тілге көшіру бойынша жүйелі жұмыс басталды. Министрлік балаларға арналған бейне және баспа контентімен, БАҚ-тармен жүйелі түрде айналыса бастады. Халықаралық Nickelodeon HD, TiJi балалар арналары біздің балаларымыз үшін қазақ тілінде сөйлей бастады, бұл жұмыс бірнеше жылдан бері Аида Балаеваның ұсынысы мен жеке бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Мен үшін бұл министрлік жетекшілік ететін маңызды салалардың бірі», - деді Максим Рожин.

Бір назар аударарлығы – аталған хатқа қолдап қол қойды деген Мәжіліс депутаттарының кейбірі кейін тізімнен алынып тасталды. Әуелгі тізімде есімдері көрсетілген Дания Еспаева мен Максим Рожин және тағы басқа депутаттар кейін қол қоюшылар қатарынан табылмады. Осы жағдай мәдениет министріне қарсы негізсіз шабуыл басталды ма деген сұрақ туғызады. Депутаттар мен лауазымды тұлғалардың атын рұқсатсыз пайдаланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бұл әрекеті арқылы халықты шатастырып жатқандай көрінеді. Мұндай шатастыру депутаттық мансаптағы тұлғаға сын емес пе екен?

Пікірлер