Ауғанстандағы қыз-келіншектер құқығы: Қазақстанмен салыстырмалы талдау

2809
Adyrna.kz Telegram

 Әлемде әр төрт елдің үшеуінде адам құқықтарына қатысты жағдай нашарлап кетті. Әсіресе 2016 жылдан бері бұл үрдіс күшейіп келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, статистика бойынша заң үстемдігі қамтамасыз етілмей отырған елдердің қатарында Конго, Гаити, Ауғанстан, Камбоджа және Венесуэлла бар.

Аталған елдердің арасында Ауғанстандағы
жағдай алаңдатарлық, уақыт өткен сайын мұндағы ахуал тіпті нашарлап барады. Сарапшы мамандар әсіресе, әйелдер
үшін қатты алаңдаулы. ЮНЕСКО мәліметі бойынша қыздардың 80%-ы білім алу мүмкіндігінен айырылған. Ауғанстан мен Қазақстандағы әйелдер құқығын қай
тұрғыдан болмасын алып қарасақ та, еш салыстыруға келмейді. Екі елде діннің қоғамдағы рөлі мен әйелдер құқығына әсер етуі айтарлықтай ерекшеленеді. Ауғанстанда
әйелдер құқығы көбіне діни нормалар мен экстремистік идеялогияның ықпалында шектеліп жатыр.

‘’Әйелдерді білімнен, жұмыстан және қоғамдық өмірден шектеу - елдің дамуын тежейді, өйткені қоғамның жартысы өз әлеуетін жүзеге асыра алмай отыр.’’ - деп Ауғанстан әйелдер ісі бойынша бұрынғы министр Сима Самар қыз-келіншектер құқығының тапталуын сынға алғаны бар.

Ауғанстандағы әйелдер жағдайы
Ауғанстандағы әйелдер құқығы діни тұрғыдан қарағанда өте күрделі әрі шектелген тақырыптардың бірі. Билік басына 2021 жыл Талибандар келгеннен бастап, ислам шариғатының қатаң заңдарын басшылыққа алуда. Жалпы, талибандар деген кімдер? Ауғанстанда пайда болған
исламдық қозғалыс және әскери топ, негізінен пуштун ұлтының өкілдерінен құралған. 1990 жылдары құрылған бұл
топ, бастапқыда Ауғанстандағы азаматтық соғыстан кейін елде тәртіп пен шариғат заңдарына негізделген басқару жүйесін енгізуді мақсат тұтты. Талибан атауы араб тілінің ‘’талиб’’ сөзінен шыққан, ол шәкірт деген мағына береді. Ұйым алғашында Пәкістан мен Ауғанстандағы діни мектептерде (медресе) оқыған студенттерден шыққан. Талибандардың идеологиясы қатаң діни ұстанымдарға негізделген, және олар қоғамда шариғат заңдарын қатаң
түрде енгізуді қолдайды. Әсіресе әйелдерге қатысты бұл заңдар, олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және
қоғамдық өмірге қатысуына шектеулер қоюда. Қыздарға орта мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін баруға рұқсат етілмейді. Бұл шектеу исламның дәстүрлі
түсінігіне негізделген бе өзі? Көптеген ислам елдерінде мұндай қатаң шаралар қолданылмайды ғой?! Ауғанстандағы бұл шектеулер қыз-келіншектердің болашаққа деген үміт отын өшіріп, кәсіби дамуын және қандай да бір мүмкіндіктерінен шектейді. Билік ауысқан соң болып жатқан өзгерістерде сонымен қатар, әйелдер жұмысынан айырылып, үйде қалуға мәжбүр болды. Жалпы, әйелдер негізінен медициналық және білім беру салаларында ғана жұмыс істей алады, бірақ олардың да қызмет ету мүмкіндіктері қатты қыспақталған. Көптеген үкіметтік
мекемелерде әйелдерге мүлде жұмыс істеуге тыйым салынған. Құқықтары шектелген нәзік жандылардың үкіметтік ұйымдардағы еңбек үлесі 45% құрайтын еді. Қазір
бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.Мұндай қоғамдық істер мен білім беру саласынан бөлек, еркін жүріп тұруына,
тіпті киім киюіне қойылған қатаң тыйымдары да бар. Олар ‘’никаб’’ немесе ‘’бурка’’ киюге міндетті, бұл олардың бетін
және денесін толығымен жабады. Бұдан бөлек, әйелдерге жалғыз жүріп тұруға да шектеу қойылған, олар қоғамдық
орындарға тек жақын туысы ер адаммен ғана шыға алады. Құқықтық жүйе көбіне консервативті, шектеуші сипатқа ие
болып, әйелдердің ерлерге тәуелділігін арттырып жатыр. Сот ісінде жаңа заңнамалық деңгейде әйелдердің құқығы
шектеулі.

‘’Заң үстемдігін сақтамай отырған елдердің көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Салдарынан атқарушы
билік теріс пайдалану, адам құқықтарының шектелуі, сондай-ақ сот жүйесі тарапынан азаматтардың
талаптарын ескерусіз қалдыру оқиғалары жиілеген.’’
Уильям Нойк
WORLD JUST PROJECT ұйымының басшысы

Қазақстандағы әйелдер құқығы
Қазақстан - зайырлы мемлекеттер қатарында, Конституция бойынша дін мемлекеттен бөлінген, айта кету керек елімізде ислам діні мәдениетке және жеке өмірге әсер етіп жатады. Бірақ қоғамда шариғат заңдары емес, азаматтық заңдар
басым. Әлеуметтік және заңнамалық тұрғыда әйелдер ерлермен тең құқықтарға ие. Елімізде әйелдің еркіндігі мен құқығы заңмен қорғалғандықтан, діни негізде әйелдерге қатысты ешқандай шектеулер енгізілмеген. Мұнда білім алу, жұмыс істеу, саясатқа араласу және қоғамдық өмірге
толыққанды қатысу мүмкіндігіне ие. Негізінде діни еркіндік пен құқықты қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз
ету әлі де күрделі мәселелердің бірі, алайда соңғы жылдары әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін одан сайын арттыру бағытында оң қадамдар жасалып келеді. Сондай-ақ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес заңдары мен бағдарламалары бар, бұл әйелдердің
қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жүйе. Біздің елдің зайырлы және демократиялық сипаты нәзік жандыларға қоғамда еркін болуға және өз құқықтарын толыққанды
пайдалануға мүмкіндік береді.

Еліміздегі діни экстремизммен күрес
Діни экстремизм - қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке айтарлықтай зиян келтіреді, сондықтан бұған қарсы күрес
еліміздің маңызды басымдықтарының бірі деп айта аламыз. Қазақстанда құқықтық шаралар мен қатар алдын алу және
түсіндіру жұмыстары аса маңызды, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар мешіттерде,
оқу орындарында, интернет желілерінде және БАҚ-та жүзеге асады. Діни білімді бірегей стандарттар бойынша беру үшін
Қазақстанда имамдарды арнайы оқыту бағдарламалары қарастырылған, мұның мақсаты - ислам діні туралы дұрыс түсінік беру және діни ағымдардан сақтандыру. Жалпы, Қазақстанда діни экстремизммен күрес кешенді және әр түрлі бағыттарда жүргізіліп жатқанын айта аламыз. Мемлекет діни экстремизмді тек қатаң жазалау арқылы ғана емес, оның алдын алу, дін туралы дұрыс түсінік беру және дерадикализация арқылы да шешуге тырысады. Әрине, бұл шаралар Қазақстандағы діни тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар.

  Айгүл Мұратқызы

Пікірлер