Тентек Трамп АҚШ баспасөзін қайшыластырып қойды

2787
Adyrna.kz Telegram

Америка баспасөзі елдегі президент сайлауының нәтижесі жайлы әрқилы шолу жасады. Күткендей-ақ, жетекші америкалық БАҚ соңғы төрт жылдағы ең ірі саяси оқиғаға газеттерінің тұтас беттерін арнады. Танымал басылымдар оқырмандарды республикалық партияның жеңісімен құттықтап, демократтардың жеңілу себебін талдап, елдің Дональд Трамптың кезекті президенттік мерзімінде қандай бағытта дамитынына ой жүгіртуде.

«Жаңадан сайланған президент Трамп Ақ үйдегі жеңісінен кейін Американы «Алтын ғасырға» жеткізуге және «бәрін түзетуге» уәде берді», - деп жазды Fox News. Телеарна Трамптың өзінің жеңісін «барлық уақыттағы ең ұлы саяси оқиға» деп атап, елге «сауығуға көмектесемін» деген уәдесін атап өтті.

National Review консервативті басылымы «Демократтар күн тәртібінде өздерінің қаншалықты танымал еместігі туралы алаңдатарлық белгі алды» тақырыбында мақала жариялаған. «Камала Харрис пен оның партиясының сәтсіздіктеріне өздерінен басқа ешкім кінәлі емес. Демократтар сайлаушыларды жеңе аламыз деп ойлады, бірақ сайлаушылар олардың қателігін дәлелдеді», - деп жазды газет.

«Бұрынғы президент жұмысшылар, фермерлік аймақтар тұрғындары және «көк жағалылар» тарапынан көрсетілген күшті қолдаудың арқасында жеңіске қол жеткізді», - деп жазды The Wall Street Journal. Авторлардың пікірінше, Трамп өзінің мықты тұсын дұрыс пайдалана алды. Ол көпшілікпен тіл табысып, шабуылға көшіп, сайлаушыларға өз мақсатын айқын көрсете білді. Басылым республикашыл партия көшбасшысының өзін «саяси қарсыластарының құрбаны әрі күрескер» ретінде сәтті көрсеткенін айтты. Сонымен қатар, Трампты жеңіске жеткізген басты қасиеті — ойын ашық айтатын әдеті екенін алға тартты. «Трамп сайлауда жеңіске жетіп, екінші мүмкіндік алды» делінген басылымның редакторлық мақаласында. Оның бұл мүмкіндікті қалай пайдаланатыны соңғы сегіз жылда байқалған АҚШ-тағы бөлінуді еңсеру жолындағы жетістігінен көрінетіні де атап өтілген.

«Көптеген екінші мерзімдер сәтсіздікпен аяқталады, бірақ Трамптың екінші мерзімі басқаларға ұқсамайды», «Бұл екінші мүмкіндікті жіберіп алу үлкен қателік болар еді», «Халық көшбасшыны жұмысқа алды» деген тақырыппен The New York Times газетіне мақалалар шықты. «Ол жеңіске күш арқылы емес, халықтың сенімінің арқасында жетті» деп жазды басылым.

Газеттің тағы бір аналитикалық мақаласында «енді Америка 248 жылдық тарихында бұрын-соңды болмаған авторитарлық басқару стилінің табалдырығында тұр. Дональд Трамп билікке қайта оралып, белгісіздік дәуірін ашты. Оның жеңісі оқшаулану саясатының, ауқымды тарифтердің және кек қайтарудың қауіпін байқатады» делінген.

«Трамп Ақ үйге қайта оралады», «Трамптың жеңісі – оның ең ұлы қайта өрлеуі» – осындай ірі тақырыппен The Washington Post басылымында материалдар шықты. Сондай-ақ, газет авторлық мақалалар сериясын жариялады. Олардың тақырыптарының өзі көп нәрсені аңғартады. Мәселен, «Харристің жеңілісі – солшылдар үшін ауыр үкім», «Трампқа қарсылықтың екінші раунды дәл қазір басталуы керек», «Оның президенттік кезеңі өз сайлау науқанындай қараңғы бола ма?», «Трамптың жеңісінен кейін Ресей қуанды, ал Еуропа өзін батыл ұстауға тырысуда».

Associated Press агенттігі «Сайлаушылардың экономикаға алаңдаушылығы және өзгеріске деген ұмтылысы Трампты Ақ үйге қайтарды» тақырыбымен аналитикалық мақаласын жариялады. Мақалада сауалнама нәтижелеріне сілтеме жасай отырып, америкалықтардың елдің дамуының қазіргі бағытынан көңілі қалғаны соншалық, олар Трамптың «батыл және күйретуші» тәсілін қолдайтынын айтқан.

Республикашыл кандидаттың жеңісімен күрес «енді ғана басталды» деп есептейтін NBC « Дональд Трампты енді кім тоқтатады?» - деп сұрайды. Авторлардың пікірінше, егер Трамп өзінің сыншыларына қарсы шығып, өз қауіп-қатерлерін жүзеге асырғысы келсе, елде «саяси зорлық-зомбылық» күшеюі мүмкін. Сондай-ақ, Трамптың CBS телеарнасына жабу қауіпін төндіруіне байланысты медиа-ландшафтта өзгерістер болуы ықтимал.

Bloomberg басылымы «Трамптың популизмі Ақ үйге салтанатты түрде оралғаннан кейін ашылды» тақырыбындағы мақаласында «енді ол Ақ үйге атқарушы билік тетіктерін толық иеленіп келді, әрі бұрынғыдан да кең еркіндігімен қалағанынша басқаруға мүмкіндік алды», - деп жазды.

Ал, Politico басылымы «Камала неге сайлауда жеңілді?» деген сұрақ қойып, өздері «өйткені ол Джо Байденнің вице-президенті болған алдыңғы төрт жылдан толығымен бас тарта алмады» деп жауап берген. Басылымның пікірінше, дәл осы «Байденнің елесін жоймау» Камала Харристің сайлаушыларды елдің бағытын өзгертуге қабілетті екеніне сендіруіне кедергі келтірді.

«Америка Трампты қайта сайлағанына өкінеді» тақырыбымен The Hill газетінің сайтында ең танымал мақалалардың бірі жарық көрді. «Демократия үшін ең нашар сценарий шынайы уақытта іске асуда. Демократиялық институттар да, америкалықтар да алда болатын дүниеге дайын емес, – деп жазды басылым.

Newsweek журналында «Дональд Трамп жеңіске жеткен жоқ: демократтар жеңілді» деген тақырыппен авторлық мақала жарияланды. Мақалада демократтардың жеңілу себебі ретінде кандидат таңдау стратегиясының жоқтығын және «ешқашан болмаған» жоспарды ұстанғаны айтылады.

«Демократтар күн сайын барлық жағынан ұтылып отырды. Жеңілу мүмкін емес әрі қисынсыз болып көрінді. Бірақ демократиялық партия «жеңіс аузынан жеңілісті жұлып алудың» жолын тағы да тапты және бұл жолы оны әлемдік аренада жасады» - деп жазды мақала авторы кекесінмен.

Пікірлер