Министр санкцияға ұшыраған компанияларды "бір күндік" деп сипаттай салды

1212
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның ұлттық экономика министрі шетел санкциясына іліккен ел компаниялары туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Zakon.kz-ке сілтеп.

Министр Нұрлан Байбазаров 7 қарашада санкцияға іліккен компаниялар туралы пікір білдірді. Басшы оларды біркүндік компаниялар деп атады.

Нұрлан Байбазаров бұл тізімдегі екі компанияның бұған дейін америкалық санкцияларға іліккенін түсіндірді.

«Бұл компаниялар — біркүндік фирмалар, олар, бәлкім, осындай мақсаттарға ашылады. Біз оларды тексеруді бастағанда, олардың толыққанды шаруашылық әрекеттері жоқ екенін байқаймыз. Олар ашылады, бір келісімшарт жасасады да, жоқ болып кетеді. Сауда қалай өткенін анық көріп отырмыз. Батыста санкцияларға жауап беретін қаржы қызметтері бұл компанияларды постфактум тіркеп, тізімге қосады», — деп қосты ұлттық экономика министрі 8 қарашада Астанада өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы министрлік конференциясының кулуарында.

2024 жылдың 7 қарашасында Ұлыбритания Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне қарсы жаңа санкциялар енгізгенін жариялаған еді. Британ үкіметінің сайтында бұл санкциялардың 2023 жылдың мамыр айынан бергі ең ірі пакеті екені, оның Украинадағы әскери әрекеттерге байланысты Ресейге бағытталғаны көрсетілген. Бұл санкциялар Қазақстан, Қытай және Түркия компанияларын қамтитын 56 нысанды қамтыды. Атап айтқанда, санкциялар тізіміне алты қазақстандық компания енді.

«Қазақстандық компаниялар санкцияларды айналып өтуге тырысады. Бұл әртүрлі компаниялар, олар пайда табуды көздейді. Онымен күресу қиын», — деді Нұрлан Байбазаров.

Пікірлер