Жаңаөзен неге көтерілді?

3909
Adyrna.kz Telegram

Кешеден бері Теңізде тағы да дауыл көтерілді. Жергілікті халық екі талаппен көшеге шықты. Біріншісі Қытайдың 55 зауытының Қазақ Жеріне кіруіне тиым салу. Екінші талап Жерді сатпаймыз. Осы екі талаппен Жаңаөзен кешеден шерулетіп жатыр.  Халық қыркүйектің 11-12 күндеріне жоспарланған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан бас тартуға шақырды.

Кеше шеруге шыққан жаңаөзендіктер бүгін тағы да жергілікті әкімдік алдына жиналды. Қала әкімі Әділбек Дауылбаев пен прокуратура, полиция өкілдері тұрғындарға шеруді заң аясында өткізуді ұсынды. Жаңаөзенге барған Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Қазақстанда Қытай зауыттары салынбайтынын айтқанымен жергілікті тұрғындар әкімді тыңдамады.

Бізге хабарласып, аты-жөнін айтудан бас тартқан жаңаөзендік тұрғынның айтуынша, Жаңаөзендегі бір компанияны Қытайлар сатып алыпты. Жаңаөзенде қытайлар бар ма? деген сауалымызға "бізде әзірге қытайлар жоқ. Олар бүгін келмесе де ертең келеді. Сол үшін жұрт көшеге шықты" деп жауап берді.

Бүгін Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Ақтөбе қалаларында  Жаңаөзендіктерді  қолдау акциялары өтті. Шымкентте 20 шақты адам маңғыстаулықтармен бірге екенін айтып, Ордабасы алаңына шықты. Сондай-ақ шымкенттіктер билікті Қытайдан алынған кредит пен екіжақты жасалған келісім жайлы ақпаратты жариялауға шақырды.

"Азаттықтың" хабарлауынша бүгін Нұр-Сұлтанда да жаңаөзендіктерді қолдау акциясы өтті. Жергілікті тұрғындар Анна Шөкеева, Әлия Жакупова мен Қалдыхан Қозыбаева Ақордаға баратын жол бойына "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Біз Жаңаөзенмен біргеміз", "Мен жаңаөзендіктерді қолдаймын! Ал сен ше?" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты. Оларды сол маңнан өтіп бара жатқан кей адамдар да қолдап, пікірлерін айтып жатты.

- Жаңаөзен әрқашан Қазақстанның жан жарасы болып қалады. Сондықтан да біз олардың бейбіт наразылығына қолдау білдіріп шығып тұрмыз. 2011 жылғы желтоқсанда болған жағдайды ешкім де қайталағысы келмейді деп ойлаймын, - деді Әлия Жакупова 2011 жылы желтоқсанда бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полицияның оқ атып, қантөгіске ұласқанын еске алып деп хабарлайды "Азаттық" радиосы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Қытай басылымдарына берген  сұхбатында Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтқан болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер