Қарағанды облысында агроөнеркәсіп секторының даму қарқыны қандай?

798
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысында биыл 1 млн 300 мың тонна астық өнім жиналды. Бұл рекордтық көрсеткіш. Ал жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша Қарағанды облысы елімізде жетінші орында тұр. Жергілікті фермерлер тек облыстың ғана емес, Астананың да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Аграрлық саланың әлеуетін одан әрі қалай арттыра түсетінін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

– Аграрлық өнеркәсіп кешеніне жыл соңына дейін 23 млрд теңгеден астам сомаға 30 инвестициялық жоба іске асырылады. Ауылдарды дамыту аясында "Ауыл аманаты"жобасын ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, осы бағдарламаның тиімділігін атап өтті. Біздің облыста "Ауыл аманаты" жобасы бойынша 483 шағын несиеге 4,4 млрд теңге бөлінді. Оның жартысы мал шаруашылығын дамытуға, қалған бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес – жобаларына бағытталған. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылып, 60-тан астам ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды, – деді облыс әкімі.

Ол ауылшаруашылық кооперациясын қолдаудың сәтті мысалдарын келтірді. Актогай ауданындағы «Saq NS» СК неміс технологиясы бойынша бие сүтін өндіретін цех ашып, ай сайын 30 тонна қымыз өндіреді. Қарқаралин ауданындағы «Мәди-Агро 7» СК ет өндірісін арттырып, өнімдерін Qarmet компаниясы тұтынып отыр.

Пікірлер