Елордада III халықаралық «ТЕАТР АLL» фестивалі басталды

226
Adyrna.kz Telegram

Астанада үшінші халықаралық «ТЕАТР АLL» Халықаралық театр фестивалінің шымылдығы түрілді.

Дәстүрлі өнер мерекесі биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығын арқау етті. «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым», «Сарра». Бүгінде Роза Мұқановадай театр үшін өндіртіп жазған қаламгерлер некен-саяқ.

Ол театр қоржынын небір тағылымды туындыларымен байытқан қуатты қалам иесі.

Роза Мұқанова, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: -«Жазуда жалған болмайды. Жазуда ақиқат болады. Жанның тазалығы болады.

Мен тым жас кезімде, отызға толмаған шағымда «Мәңгілік бала бейне» деген пьесамды қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының марқұм Болат Атабаев деген реформатор, режиссері менің жастығыма қарамай сахнаға шығарды. Ал, Әуезов театрында тек қана классиктер қойылатын.

Бүгінгі халықаралық фестивальге Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуының» кезінде инсценировкасын жасаған болатынмын. Қырғыз театры сол шығарма желісіндегі қойылымын алып келді. Әзербайжан театры «Шатыр астындағы мен» трагикомедиясын алып келді. Бұл біздің көрермендердің қолы жете бермеген шығармалар. Сондықтан театрдың есігі ашық, спектальді көруге келіңіздер!» - деді.

Фестивальдің ашылу салтанаты алдында артистер мен қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Ал Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры әзірлеген «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен ашылды. Жалпы автордың да драматургияға сара жолы аталмыш қарашаңырақта театр кемеңгері Болат Атабаевтың ақ батасымен басталған болатын.

Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

  • «Бүгін біз бір апта бойы Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үлкен театр мерекесін салтанатты түрде ашып жатырмыз. Бұл фестивальдің мән мағынасы, баршамызға анық, айқын. Елдің ықыласына бөленген жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығына арналады.

Түркі дүниесі, түркі мәдени кеңістігінде де Роза Мұқанованың туындылары шоқтығы биік. «Мәңгілік бала бейне», «Сара», «Бопай ханым» осы қойылымдардың барлығы да рухани құндылығымызды дәріптейтін өміршең туындыларға айналды. Фестивальдің мақсаты да сол, Роза Мұқанованың драматургиясын дәріптеу. Осы жолы жаңа есімдерді ашқымыз келеді, әсіресе, режиссурада не болып жатыр?!» - деді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белді ұжымдар мен Қырғызстан, Әзербайжаннан келген артистер бір апта бойына бас қаладағы сахналарда өнер көрсетеді. Ал олардың қарым-қабілетін көзіқарақты көрерменмен бірге, Әлия Бөпежанова, Амангелді Мұқан, Анар Еркебай сынды белгілі мәдениет майталмандары бағалайды.

Еске сала кетейік, аталған Халықаралық театр фестивалі 3 қарашаға дейін жалғасады.

Пікірлер