Мемлекеттік марапат – мәртебелі мамандар мерейі

130
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға елеулі үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен ғылым қайраткерлері, өндіріс пен бизнес өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар. Мемлекеттік марапат иегерлері ұзақ жылдар бойғы еңбектері мен жетістіктерінің еленуіне ризашылықтарын білдіріп, алған наградаларын тәуелсіздігіміздің, төл әдебиетіміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына қолдау деп қабылдады. Бұл құрмет, олардың пікірінше, болашақ буынға рух беріп, жаңа белестерге жетелейтін ынта-жігер болмақ.

Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры:

Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген “Парасат” орденін министріміз Саясат Нұрбектің қолынан өңірімізге қадап қайттық. Азды-көпті еңбегіңді елеп ескеретін егемен еліміздің, соған лайық Президентіміздің, кәсіптік қызметімізді саралап отыратын салалық министрлігіміздің болғанына тәуба дедік. Осының барлығы – қасиетті Тәуелсіздіктің арқасы.

Олай деп отырғаным, біз бодандық қамытын мойнымызға іліп көрген, басыбайлылықтың тар шекпенін бойымызға өлшеп көрген ұрпақпыз. Дүниедегінің бәрі салыстырмалы түрде өлшенеді. Өткенге көз жіберсек, бүгінгімізге тәубе дейтін тұстарымыз көп! Осындай ұлық мерекеде еліміздің айтулы азаматтары егемен еліміздің биік марапатын алып жатса оған неге қуанбасқа! Оладың ішінде мен өзім жақсы білетін Темірхан Медетбек, Құлбек Еркөбек, Светқали Нұржан, Асқар Жұмаділдаев, Секен Тұрысбек, Нұрлан Өнербай т.б.сияқты әдебиет, ғылым мен өнер тарландары жүрсе, қалай сүйсінбейсің. Егемен еліміз болмаса бұларды кім елеп, ескерер еді?!

Еліміздің ең жарқын, қастерлі мерекесі құтты болсын, ағайын! Мемлекеттік марапатқа ие болған барша отандастарға бақ-береке тілеймін!

Бар болайық!

Барымызды бағалай білейік!!!

Исраил Сапарбай, ақын, драматург, Қазақстанның халық жазушысы:

Мен ес жиғалы, ел азаматы болғалы бері халықтың алдында өлеңіммен, әніммен барынша еңбек етіп келемін. Қаншама кітап жаздым. Қазір жасым сексеннен асты.

«Сыйың сый ма

Қарызға сұрап алған?

Күйің күй ме

Жоқ, бардан құрап алған?

Қарынбайдың қолындай қалтылдайды,

Жақұт болып бір тамшы мына жалған,

Жақұт болып жанарда тұна қалған.

Жарық күнде біткен бе, сірә, да арман?

Мезгілімнен кеш туған, кеше ме едім?

Кешігем де жүремін сыбағамнан» деп, осыдан15-20 жыл бұрын өзім өлең жазғанмын. Біз ылғи кешігеміз де жүреміз ғой. Басқаларды қайдам, маған осындай сый-құрмет ылғи кешігіп келеді. «Игіліктің ерте, кеші жоқ» деген қазақта мақал бар. Тәуба деймін. Еңбекті елеп, ескерген билікке рақмет!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттың руханиятын дамытып, рухын көтеріп, төл әдебиетімізді жаңа белеске көтеріп, ұлттың әдеби мұрасын молайтып жүрген қаламгерлерді назардан тыс қалдырмауы бізді қуантады. 24 жылғы үзілістен кейін «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы былтырдан бері қайта беріле бастады.

Құдайға шүкір, қазақ – талантты халық. «Ел іші – өнер кеніші» дейді. Ел ішінде дарынды ақындар, өнерпаздар көп. Соларды дер кезінде танып, біліп, бағалауымыз керек. Жас келгеннен кейін оған ешқандай ықпалы, әсері болмайды ғой. Сондықтан темірді қызған кезде соғу керек.

Мен өзбек ағайындарды жақсы білемін. Өзбекстанда туылғанмын. Қырғыздарда бұл мәселе ерте ескеріледі. Бұл руханият, қазақтың рухы ғой. Мен келешекте бұл мәселе ескеріліп, марапат алдағы буынға ерік-жігер беретіндей ертерек берілсе екен деймін.

Секен Тұрысбек, күйші, Қазақстанның халық әртісі:

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның халық әртісі» атандым. Мен мұны қазақтың күйіне берген марапат деп қабылдаймын. Кейінгі жылдары ән шығарушылар аз емес, күй шығарушылар көп емес, домбырашылар аз емес, күйшілер көп емес. Оркестрде жүргеніме 40 жыл болады. Сондықтан жазған 16 күйім есептелгендей, еңбегім зерттелгендей. Бұл марапат – ұлттық өнерге Үкіметтің назары, берген бағасы деп білемін.

«Ештен кеш жақсы». Тәуба! Ертерек алсаң, «ерте» деп айтады. Мен 29 жасымда Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, 32 жасымда «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын алған сәтімде «ерте» деді. Одан кейін мен атаққа құмар болған жан емеспін. Алдыңғы жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атандым. «Қазақстанның халық әртісі» атағынан Мемлекеттік сыйлықтың иегері атану қиын ба деп қалдым. Шынында солай екен. Мемлекеттік сыйлықты ала алмағанға Қазақстанның халық әртісі атағын беріп жатады.

«Қазақстанның халық әртісі» атағы Майра Мұхамедқызы мен Лидия Кәденоваға лайықты берілді деп санаймын. Күйші, композитор, дирижер Айтқали Жайымовтың, кино және театр әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың, дәстүрлі әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімановтың еңбегі келешекте ескерілуі тиіс деп есептеймін.

Домбырашы - домбырашы, күйші - күйші болуы керек. Күйші - жанынан күй шығарған адам, ал домбырашы – ол орындаушы. Осыны шатастырмау керек, бәрі күйші болғысы келеді. Мәселен, Дина апамыз - күйші. Домбырашылардың өзі домбыраны дұрыс ойнауы керек.

Марапат атақ үшін емес, еңбегі үшін беріледі, сондықтан ол өнер иелерін ынталандырады, жігерлендіреді, шабыттандырады. Мен солай түсінемін. Одақ кезіндегі «Халық әртісі» мен бүгінгіні салыстырып көріңіз. Тіпті, «Мәдениет саласының үздігі» бола алмайтындар «Қазақстанның халық әртісі» атанып жатса, онда ол атақтың қандай қадір-қасиеті қалады?

«Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық жазушысы» атақтары ширек ғасырдан кейін қайта оралғанына біз қуаныштымыз. Өнер иелері, ақын-жазушылар қанша томдық кітап шығарса да, 25-30 жыл гонорар көрмеу деген бұл сын еді. Кезінде бір кітаппен жағдайын жасап алған авторлар болды. Өнер адамдары теле, радиоға барып, бір ауыз сөз сөйлесе де гонорарын алып тұратын. Оның бәрі кейін адыра қалған еді. Қазір сол қайта қолға алынып жатыр.

Мен ел игілігі үшін 16 күй жазыппын. Ол роман емес қой, отырып жинақтап жазатын. Оның иірімдері, формасы, сағасы т.б бар. Мәселен, менің жаңалығым - шертпе күйге үлкен сағаны қостым. Сондықтан бұл зор еңбек пен қазақтың күйіне берген марапат деп есептеймін.

Байғали Есенәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры:

Республика күні қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік марапаттармен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің түрлі салаларында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тұлғаларға – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, бизнес және өндіріс өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді. Бұл марапаттар – еліміздің дамуына аянбай қызмет еткен азаматтарға деген құрметтің, елдің ертеңіне сенім білдірудің бір көрінісі.

«Парасат» орденімен марапатталуым еңбегімнің ескерілгені деп білемін. Осы күнге дейін жасап жатқан өнер мен мәдениет саласындағы азды-көпті еңбегім биліктегілердің назарына іліккен шығар. Тарихта алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлының рөлін жасап жатырмыз, оған дейін «Жамбыл» фильмі, «Қызыл жебедегі» қаншама рөлдерім бар. Солардың бәрі ескерусіз қалмағанына риза болдым. Қазақстанның мәдениеті мен өнерін, әдебиеті мен ғылымын дамытып, халықтың жүрегінен орын алып жүрген азаматтардың жетістіктері ұлттық құндылықтарға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Әсіресе жастар арасында оларға деген құрмет, еліміздің болашағына деген сенімді ұялатып, жаңа буынның ұмтылысын оятады. Мемлекеттік марапаттар тек материалдық құрмет емес, ол – руханиятымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың арқауы болып табылады. Ұлттық мәдениет пен өнерді қолдау – жарқын болашаққа бастар жол.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы ғана емес, рухани дамуы да басты назарда. Мәдениет пен өнер саласындағы марапаттар қоғамға ұлттық болмысымызды айқындап, өскелең ұрпақты салт-дәстүрлерді қастерлеуге, құндылықтарды бағалауға ынталандырады. Ұлт рухын көтеру, рухани азық беріп, мәдениет пен өнерге қолдау көрсету – жарқын болашаққа бастар жол. Бұл марапаттар еңбектің, қызметтің, ұлттық өнер мен мәдениеттің бағасын арттырып қана қоймай, жас ұрпақты қай салада болса да өз үлесін қосып, елдің өркендеуі жолында қызмет етуге ынталандыратын, рухани шабыт беретін ұлағат.

Болашақта шәкірттер тәрбиелесем деген ойым бар. Осы күнге дейін жеткен жетістіктерім мен шыққан биіктерімді жастармен бөлісуді жөн санаймын. Ол қаншалықты жүзеге асады, болашақта көре жатармыз.

Шығармашылықты, қазақ өнері мен мәдениетін дамыту үшін біліктілік қажет. Әр маман өз орнында болу керек, яғни бір саланың қызметкері екінші салаға ұмтылмауы және кедергі жасамауы тиіс. Бастысы, шын таланттарды бағалай білген дұрыс. Оларды мүмкіндігінше жұмыспен қамту керек. Мәселен, Мұрат Есжан, Қанат Тілеухан, Бағашар Тұрсынбайұлы сынды қаншама талантты, дарынды жастар жүр. Солардың бәрін өз саласында пайдалана білсе, өнер, мәдениет, әдебиет саласында үлкен жетістіктерге жетуге болады. Сол арқылы республикамыздың, мемлекетіміздің дамуына тың қадамдар жасалады деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан өнер және мәдениет қызметкерлеріне, әсіресе жастарға қолдау қажет. Олардың да жасаған еңбектері бағаланса, алған тақырыптарына қолдау білдірілсе, жас авторлардың шығармалары баспалардан шығып, ел назарына ұсынылып жатса, құба-құп болар еді. Ең бастысы жасалғалы жатқан жақсы іске, халықтың көкейінен шығатын жобаларға кедергі жасалынбаса, аяқтан шалу, артқа тарту болмаса екен. Бізде қолдау көрсетуден гөрі артқа тарту, көрсе де көрмегендей елемеу басым. Сол жастардың жігерін мұқалтады. Авторларда да солай. Бізде бір автордың шығармасы халықтың жүрегінен шықса, сол он-жиырма жыл бойы үйінде қала береді деген ұғым бар. Ол дұрыс емес. Жыл өткен сайын, ұрпақ ауысқан сайын елдің талғамы да өзгереді. Өнерге, мәдениетке, кино, ән әлеміне алып келген жаңалығын орнымен бағалай білуіміз тиіс. Авторлар заманауи шығармалар, туындылар жазуға еңбек ету керек. Сонда ғана өнерде, елдің мәдени өмірінде өзгеріс, алға қадам басу болады.

Республика күні қарсаңында мемлекеттік марапатқа ие болған азаматтардың бәрін шын жүректен құттықтаймын! Алар асу көп, бағындырар белес биік болсын!

Пікірлер