ОСК Грузиядағы «тарихи» сайлаудың жеңімпазын жариялады

297
Adyrna.kz Telegram

Грузиядағы парламенттік сайлауда «Грузин арманы» билеуші партиясы жеңіске жетті. Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, учаскелердің 99 пайызынан астамының бюллетеньдері саналып, «Грузин арманы» 54 пайыздан астам дауыс жинаған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Euronews-ке сілтеме жасап.

Сондай-ақ, ОСК мәліметінше, парламентке төрт оппозициялық партия өтеді: «Коалиция ауысуы» – 10,80 пайыз, «Бірлік – ұлттық қозғалыс» – 10,09 пайыз, «Мықты Грузия» – 8,75 пайыз және «Гахария – Грузия үшін» – 7,75 пайыз.

Сонымен қатар, билеуші партияның Тбилисиде, басқа ірі қалаларда және шетелдік сайлау учаскелерінде жеңіліс тапқаны хабарланды.

Ал оппозиция сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанын мәлімдеді. Парламентке өткен төрт партияның үшеуі сайлау нәтижелерін мойындамайтынын айтып, жексенбіден бастап мерзімсіз наразылық акцияларын жариялады.

Егер сайлау нәтижелері бекітілсе, «Грузин арманы» партиясы 150 орындық парламентте абсолютті көпшілікке ие болады.

«Грузин арманы» партиясының негізін қалаушы, миллиардер Бидзина Иванишвили және Премьер-министр Кобахидзе Грузия 2030 жылға қарай біртұтас Еуропаға кіре алады деп, ЕО-мен қарым-қатынасты қалпына келтіруге уәде берді.

Пікірлер