Ұлытауда бәсекеге қабілетті жаңа алаң

501
Adyrna.kz Telegram

Ұлытау облысының орталығындағы «Металлург» стадионының алаңы заманауи талаптарға сай жаңартылып, футболсүйер қауымның игілігіне ұсынылды. ҚР Футбол федерациясының «ALAN» жобасы аясында жөнделген алаң енді әлемдік стандарттарға толық сәйкес келеді. Стадионның ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловқа алғысын білдірді.

«Бұл алаң өңіріміз үшін ерекше маңызға ие. 60 жылдық тарихы бар, өңірдің спорттық символына айналған орын. Енді біздің «Ulytau» футбол клубының ойыншылары FIFA стандарттарына сай алаңда матчтар өткізіп, дайындалуға мүмкіндік алады», - деді әкім өз сөзінде.

Жаңартылған алаңда жоғары деңгейдегі қалалық, облыстық, республикалық жарыстар мен Премьер-лига ойындарын өткізу үшін барлық қажетті заманауи жабдықтар орнатылған. Жаңа жасанды жабынның сапасы мен қауіпсіздігі футболшылардың жарақат алу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, стадионда көрермендерге арналған жайлы орындар мен қажетті инфрақұрылым жаңартылды, бұл спорттық іс-шараларды тамашалауға қолайлы жағдай жасайды.

 Ашылу салтанатында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, Ұлытау облыстық футбол федерациясының басшысы Ғалым Нұржанов, «ALAN» жобасының бренд амбассадоры Самат Смақов, федерация президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен, сондай-ақ «Ұлытау» ФК президенті Талғат Байсуфинов қатысты.

 Салтанатты шарадан кейін қонақтардың қатысуымен қақпаға гол соғу рәсімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, стадионның тарихы мен даму жолына арналған арнайы көрме өткізіліп, қонақтар өткен жылдардағы маңызды оқиғаларды еске алды.

Пікірлер