Израильдің Иранға қандай зарар келтіргені хабарланды

332
Adyrna.kz Telegram
Фото: zakon.kz
Фото: zakon.kz

Израиль әдейі Иран аумағындағы маңызды энергетикалық нысандардың айналасындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйелеріне соққы жасады, бірақ тікелей нысаналарға соққы бермеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Бұл туралы 26 қазан күні The New York Times газеті аты-жөнін атауды қаламаған ирандық және израильдік шенеуніктерге сілтеме жасап, мәлімдеді.

Ирандық үш шенеунік пен Израиль Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды үш өкілінің айтуынша, Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) мақсаты Хузестан провинциясындағы Бандар Имам Хомейни мұнай-химия кешені жанындағы, Бандар Имам Хомейни ірі портындағы, Абадан мұнай өңдеу зауыты мен Илам провинциясындағы газ кен орнындағы әуе қорғаныс жүйелері болған.

The New York Times басылымындағы Ирандағы дереккөздер Израильдің әуе қорғаныс жүйелерін жоюы Тегеранда «терең алаңдаушылық» тудырғанын атап өтті. Өйткені бұдан былай маңызды энергетикалық нысандар болашақта болуы мүмкін шабуылдарға өте осал күйде.

Израиль шенеуніктері NYT-ке берген сұхбатында Израильдің алғашқы жауап жоспары Иранның ядролық жобасына қатысты нысандарға соққы беруді қамтитынын растады. Алайда, Америка Құрама Штаттарының тұрақты ұсыныстарына байланысты бұл қадамнан бас тарту туралы шешім қабылданды. Вашингтон Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленісу қаупі жоғары болғандықтан, Израильдің Иранның мұнай және ядролық қондырғыларына шабуылын қолдамайтынын атап өтті.

Иранның ядролық нысандарына зиян тигізбегені туралы ақпаратты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси бұған дейін растаған болатын.

Ирандағы МАГАТЭ инспекторлары қауіпсіз және «маңызды жұмыстарын жалғастыруда», - деп жазды Гросси X әлеуметтік желісінде. Сондай-ақ, ол «ядролық және басқа радиоактивті материалдарға қауіп төндіретін әрекеттерге» қатысты сақтық пен ұстамдылыққа шақырды.

Израиль қорғаныс армиясы (IDF) 26 қазанға қараған түні Иранға бірқатар әуе шабуылдарын жасады. Израиль әскерилері бұл жарылыстар Иран мен оның одақтастарының соңғы айлардағы көптеген шабуылдарына жауап болды деп мәлімдеді. Таңертең IDF зымыран шығаратын кәсіпорындарға, зымыран кешендеріне және басқа да әскери қондырғыларға «дәл соққылар» жасаған операцияның сәтті аяқталғаны туралы есеп берді.

Иран қарулы күштері Израильдің шабуылы салдарынан Иран армиясының екі қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады. Иран қарулы күштерінің хабарламасында әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Израильдің шабуылын тойтарғаны, бірақ кейбір аймақтарда залал келгені айтылған.

 

Пікірлер