Астанадағы жәрмеңкеге Ақмола облысынан 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысуда

910
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысы Астананың айналасында азық-түлік белдеуін құрудың негізгі буыны болып саналады және республикадағы дәнді дақылдардың төрттен бір бөлігінен астамын өндіреді. Осындай ұранмен елордада өңір тауар өндірушілерінің қатысуымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аграршылардың сөрелерінде аймақтың бетке ұстар кәсіпорындары ұсынған 40-тан астам азық-түлік түрі қойылды.

Ақмолалық өндірушілер елордаға барлығы 300 тоннадан астам өнім алып келді. Жәрмеңкедегі өнім бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен.

«Біздің өнімімізге 20 жылдан астам уақыт бойы сұраныс жоғары. Біз ет және ет өнімдерін өндірумен айналысамыз», – деп бөлісті Бурабай ауданының «Жас» ЖШС басшысы Зәуре Ғалиақпарова.

Жәрмеңке тиімділігін елордалық тұрғындардың ұсынылған өнімнің сапасы, кең ассортименті және қолжетімді бағалары туралы оң пікірі дәлелдейді. Астана қаласының тұрғыны Күләш Қожахметова жәрмеңкеге жыл сайын келеді.

«Бүгін отбасыма ұнаған ақмолалық өндірушілердің ет және сүт өнімдерін сатып ала алғаныма қуаныштымын. Бағалар мен ассортимент көңілімнен шықты», – деп бөлісті К.Қожахметова.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов жәрмеңкеге алғашқылардың бірі болып келіп, ұсынылған өнімдер ассортиментімен танысып, астаналықтардың тілегін тыңдады.

«Демалыс күнгі жәрмеңкелерді» өткізу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және халықты нарықтағыдан 10-15% төмен бағамен табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етуге оң әсер етеді. Бұл фермерлер үшін де тиімді, өйткені делдалдар саны едәуір азаяды», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.

Ақмола облысы – тұрғындарға өнімдерді жеткізуде көмек көрсететін еріктілері бар жалғыз өңір.

Жәрмеңкедегі еріктілер қызметі дәстүрге айналып келеді. Бұл жолы да елорда тұрғындарының сатып алған өнімдерін артып-тиеуге және тасымалдауға көмектескен 50-ден астам жас волонтер келді. Сондай-ақ, келушілердің назарына өңір әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айта кетейік, Ақмола облысы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне тұрақты түрде елеулі үлес қосып, республика бойынша дәнді дақылдардың көп бөлігін қамтамасыз етеді. Биыл өңір 6,6 миллион тонна астық жинап, елдің астық орталығы мәртебесін тағы да дәлелдеді.

Пікірлер