«Ыстық қой махаббаты бұл елімнің». Студенттер арасында сөз шешендері анықталды

758
Adyrna.kz Telegram

22 қазан күні Алматы қаласында «Атамұра» корпорациясының демеушілігімен «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті.

«Ділмар» шешендік өнер клубы республикалық байқауды бірнеше рет ұйымдастырды. Студенттер арасында өткен сайыстың мақсаты - жастардың шешендік қабілеттерін дамыту, олардың ойлау жүйесін жетілдіру және қоғамдық сөйлесуде өздерін еркін ұстауға үйрету. Жарысқа Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарынан келген студенттер қатысып, олардың риторикалық шеберліктері, ойларын анық және сенімді жеткізу қабілеттері сынға түсті.

«Студенттер арасындағы «Ділмар» шешендік өнер байқауы осымен үшінші рет өтіп отыр. Әр жылы біз талаптар мен шарттарды күрделендіре түстік. Мақсатымыз шешендіктің суырып салма, ақыл-ойдың тереңдігі, ой ұшқырдығы деген ең негізгі талаптарды орындау болатын. Биыл сол талаптарды белгілі бір деңгейде орындадық деп айта аламын. Әрине, түпкілікті деңгейде баяғы шешендікке бару әлі ертелеу. Өйткені атам-қазақ «көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дейді. Бұл үшінші рет өтіп жатқан байқауға еліміздің 12 жоғары оқу орнынан 12 студент қатысты», - деді республикалық «Ділмар» өнер клубының негізін қалаушы Жарқын Сәленұлы.

Байқау барысында студенттер сөзден жаңылып, топ алдында қобалжу сәттері де болды. Алайда алғаш рет сөз додасына қатысып, өзінің шешендігін көрсеткен студенттер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сайысқа қатысып, тәжірибе жинаған жас шешендер қамшы салдырмай, төрешілердің көңілінен толықтай шыға білді. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: шешендік сөз, пікірталас және нақты мәселе бойынша сөз сөйлеу. Әр кезеңде қатысушылардың тіл байлығы, логикалық ойлауы және аудиторияны баурап алу шеберлігі бағаланды.

«Атамұра» корпорациясы аталмыш байқауға 3 миллион теңге бөлген. Қаржының басым бөлігі сайыскерлердің сағын сындырмау мақсатында жүлде қорына жұмсалғандай. Себебі үшінші орынды иеленген үш жеңімпазға 100 мың теңгеден берілсе, екінші орынға жайғасқан екі қатысушыға 200 мың теңгеден тиді. Ал бірінші орын иеленген ақын 400 мың теңгені, бас жүлдені иеленген жеңімпаз 600 мың теңгені қанжылады. Одан бөлек, көрерменді өнерімен тәнті еткен өзге қатысушылар елу мың теңге сыйақы алды.

«Атамұра баспа-корпорациясының құрылғанына 30 жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта біз мүмкіндігінше ұлттық құндылықтарымызға демеушілік жасап келеміз. Атап айтар болсақ, айтыс өнеріміз, әншілік өнеріміз бар. Қазақша күрес бар. Біз мұны әлем деңгейіне жеткіздік. Біздің халқымыз о баста сөз өнерін қадірлеген. Шешендік өнерге үлкен мән-мағына берген. Бір ауыз сөзбен ердің дауын да, жердің дауын да, жаудың да бетін қайтара білген. Ал енді соңғы кезде біздің жастардың тілі шұбарланып жатқан сияқты. Мұндай жарысқа қатысу үшін жастар көп ізденеді, көп кітап оқуы керек. Сонда ғана өз тілін байыта біледі. Сол себепті осындай сайыстар ана тіліміздің дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын», - деді өз сөзінде сайыстың бас демеушісі, «Атамұра» корпорациясының директоры Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Академик Радлов өз жинағында:

«Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласың», - деп жазған болатын. Оған дәлел – «Ділмар» байқауында өнер көрсеткен жастар деуге болады.

«Араға топты жарып, міне кірдім,

Ыстық қой махаббаты бұл елімнің.

Әл-қуаты өзіңсің шабытымның,

Бар қуаты өзіңсің жігерімнің.

«Қазақ» деп соғып өтеді уәде берем,

Ең соңғы дүрсілі де жүрегімнің», - деп бірінші орын иегері Қазыбек Жалғас марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

Үшінші рет өткізілген «Ділмар» шешендік өнер байқауының үшінші орнын иеленген – Шәміл Тимурланұлы (Алматы),  Елемес Ақерке (Алматы), Нұржанқызы Аружан (Алматы) алды. Ал екінші орынға Насихат Сейфуллин (Астана), Тұралы Санжар (Семей) жайғасты. Бірінші орынды Қазыбек Жалғас (Алматы) иеленді. Бас жүлдені Жаппас Аяулым (Алматы) жеңіп алды.

«Шешендікке, жалпы ұлттық құндылықтарға, өзіміздің ата-бабамыздан қалған сүбелі сөздерді дәріптеуге қызығушылығым 9-шы сыныпта ашылды. Өзімнің «Абай» атындағы республикалық мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің табалдырығын аттағаннан осы сөз өнеріне қызығушылығым ерекше ауды. Міржақып Дулатұлы айтады ғой: «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, Емеспін жемісі көп тамаша ағаш. Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі - Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деген ұранды сөзді әрдайым өз жүрегімде, ойымда сақтап, осы қағиданың негізінде биік белестерді бағындыруға әрекет етіп келе жатырмын», - деді байқау жеңімпазы.

«Ділмар» шешендік өнер клубы – студенттер мен оқушылар арасында шешендік шеберлікті дамытуға бағытталған ұйым. Клубтың негізгі мақсаты – жастарды көпшілік алдында сөйлеу қабілетін жетілдіру, өз ойын сауатты және сенімді жеткізуге үйрету, риторика мен логикалық ойлауды дамыту.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер