Президент премьерді бір айда екінші рет қабылдады

1211
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы премьерді бір айда екінші рет қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
2024 жылы 17 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады.

Ақорданың мәліметінше, премьер-министр Олжас Бектенов 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

"Есепті кезеңде шикізаттық емес секторды дамыту нәтижесінде ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызды құраған. Ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы (11,4%), құрылыс (10,1%), көлік (8%), байланыс (6,4%), сауда (6,3%), өңдеу өнеркәсібі (4,8%) салалары көрсеткен. 14 өңірде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі артқан. Биылғы қаңтар-тамыз айларында сыртқы тауар айналымы 91,7 миллиард долларды құраған, оның ішінде экспорттың үлесі 3,3 пайызға көбейген. Оң сауда балансы 34,8 пайызға өсіп, 15,4 миллиард долларға жеткен. Ел бюджетіне 14,9 триллион теңге түскен. Әлеуметтік төлемдер бюджет шығысының негізгі бөлігін құрайды", - делінген премьердің жауабында.

Сондай-ақ Үкімет басшысы заңсыз иеленген активтерді қайтару жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысында сөз етті.

"Жыл басынан бері комиссия 450 миллиард теңгеге жуық активтерді қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдаған. Бүгінде мемлекетке 265 миллиард теңгені құрайтын активтер, соның ішінде ақшалай 177 миллиард теңге қайтарылған. Барлық қайтарылған қаражат әлеуметтік маңызы зор жобаларға жұмсалып жатыр. Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңның субъектілері бірқатар жобаларды, атап айтқанда, мұқтаж адамдарды оңалту және әлеуметтендіру бағдарламаларын, мәдени-білім беру орталығы мен спорттық манеж құрылысын қаржыландыруды бастаған", - делінген мәліметте.

Айта кетейік, 24 қыркүйек күні Мемлекет басшысы премьерді қабылдаған болатын. Қабылдау барысында премьер тұрғын үйлерді жылыту маусымына әзірлеу жұмыстары 98,3 пайызға орындалғанын да айтқан болатын. Алайда еліміздің бірнеше аймағы жылыту маусымына дайын болмай шыққаны мәлімделді.

Пікірлер