Солтүстік Қазақстанда оқушы сыныптасына пышақ сұққан

1019
Adyrna.kz Telegram

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектептерінің бірінде жасөспірім оқушы сыныптасына пышақ сұққан. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, төтенше жағдай Тимирязев ауданының Ақжан мектебінде болған.

«2009 жылы туған ұл бала оң жақ иығындағы пышақ жарақатымен аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне түсті. Оған ота жасап, жарасын тікті», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Кәмелеттік жасқа толмаған пациенттің жағдайы тұрақты. Қазір ем қабылдап жатыр.

Облыстық полиция департаменті кәмелеттік жасқа толмаған күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

«Қажетті тергеу шаралары жүргізілгеннен кейін ол ата-анасының қадағалауымен үйіне жіберілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Құқық бұзушының жасын ескере отырып, полиция қызметкерлері баланы тәрбиелеу міндеттерін дұрыс атқармаған ата-анасын да тергеу жұмысына тартпақ.

«Жасөспірім профилактикалық есепке алынады. Сондай-ақ аудан әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс беріледі», - деді полиция.

Пікірлер