Референдум – халық пікірімен санасудың ең биік көрінісі – өзбекстандық сарапшы

843
Adyrna.kz Telegram

Демократия тұрғысынан алсақ, референдум – халықпен санасудың ең биік көрінісі. Мұндай пікірді белді өзбекстандық саясаттанушы, «Білім керуені» мемлекеттік емес ғылыми білім беру мекемесінің директоры Фарход Толипов білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фарход Толипов атап өткендей, тек АЭС емес, жалпы кез келген өңірде бой көтеретін өндірістік нысан сол аймақтың дамуына сөзсіз ықпал етеді. Бұл ретте ұсынысқа біржақты қарауға болмайды, яғни идея толық зерделеніп, ақ-қарасы әділ сарапқа салынғаны жөн.

«Егер қазіргі таңда айтылып жүрген атом электр станцияларының қауіпсіздігіне қатысты пікірлерді ескермей, мәселеге біржақты қарасақ, онда ол да халықтың өмірін жақсартуға әсер ететінін көруге болады. Өйткені, бірінші кезекте АЭС - электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Тиісінше, ол сол облыстағы немесе өзге де өңірлердегі мемлекеттік нысандарды, жеке секторды жарықпен қамтамасыз етеді. Дегенмен бұл ретте АЭС құрылысына біржақты баға беруге болмайды. Себебі, ол - өте маңызды стратегиялық нысан. Сондықтан оның пайдасымен қатар, өзге де ерекшеліктерін толық ескеріп барып шешім қабылдау орынды болмақ», - деп пікір қосты саясаттану ғылымдарының кандидаты.

Оның пайымдауынша, АЭС салынатын өңірдің барлық ерекшеліктері ескерілуі тиіс. Өйткені, әлем елдерінде бой көтеріп жатқан энергоблоктардың барлығы тек бір ғана технологиямен салынбайды. Сондықтан АЭС-ті аймақтың географиялық, гидрологиялық және сейсмологиялық жағдайына бейімдеп құру қағидасы бірінші орында болуы қажет.

«Әр АЭС салынған немесе салынатын еліне, жеріне байланысты ерекшеленеді. Атом энергетикасы саласында ілгері дамыған АҚШ, Франция, Қытай және Жапония сияқты елдерде бой көтерген АЭС-тер сол мемлекеттің климатына, болуы мүмкін қауіп-қатеріне бейімделген. Бұл ретте жүйеленген бір ғана технология бар деп айту қиын. Мәселен, біздің өңірде жер сілкіністері болып тұрады, сондай-ақ су тапшылығы байқалады. Бұлардың барлығы АЭС-тің құрылысы туралы идеяны талқылау кезінде жан-жақты ескерілуі тиіс», - дейді Фарход Толипов.

Осы орайда сарапшының ойы АЭС халық үшін салынатынын ескере отырып, оның барлық технологиялық процесі тұрғындарға ашық әрі шынайы фактімен түсіндірілуі керек дегенге саяды.

«АЭС-тің құрылысына қатысты кейбір сұрақтар жабық күйінде қалып қояды. Бұл нысан халық игілігі үшін салынатын болғандықтан, біз оның пайдасы мен теріс тұстарын және жалпы атом энергиясының болашағынан толық хабардар болуымыз тиіс. Атап айтқанда, тұрғындар атом электр станциясының құрылысынан бастап, технологиялық процесіне дейінгі ақпараттармен қамтамасыз етілуі қажет», - деген пікірде сарапшы.

Сондай-ақ, Фарход Толипов Қазақстанда өтетін АЭС құрылысы жөніндегі референдумға қатысты пікір білдірді. Ол атап өткендей, стратегиялық маңызды нысанның құрылысына қатысты сұрақты халықпен ақылдасып шешкен орынды бастама. Дегенмен оған дейін ашық әрі әділ талқылау өтуі керек, сәйкесінше тұрғындардың ойында АЭС туралы түсінік қалыптасады.

«Демократия тұрғысынан алсақ, референдум – халық пікірімен санасудың ең биік көрінісі. АЭС құрылысы референдумға шығаруға тұрарлық мәселе. Ұлттық деңгейде бұдан да маңызды сұрақтар жиі кездесе бермейді деп есептеймін. Менің ойымша, халық санасымен ұғынып, жүйелі сараптап барып дауыс береді. Кейбір кездерде азаматтар көтеріліп отырған сұрақтың байыбына бармай, таңдау жасап жатады. Сондықтан референдумға дейін ашық талқылаулар өтіп, білікті мамандардың пікірлері ескерілуі тиіс. Осының нәтижесінде халықта АЭС туралы түсінік қалыптасады», - деп түйіндеді Фарход Толипов.

Пікірлер