Ақмола облысында тағы бір жайлы мектеп есігін айқара ашты

742
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақмола облысы әкімдігі.
Фото: Ақмола облысы әкімдігі.

Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бүгін Целиноград ауданындағы Ақмол ауылында тағы бір білім ұйымы есігін айқара ашты.
Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

Мектеп ауысымына 1200 бала қабылдай алады. Мұнда 93 кабинет, оның ішінде 4 информатика кабинеті, 7 мамандандырылған кабинет, 2 спорт залы, асхана, кітапхана, хореография кабинеттері бар.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мектептің ашылуымен құттықтап, жаңа оқу жылында облыста 5 мектеп ашылғанын, оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынғанын атап өтті.

«Жоба мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешіп, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасайды. Белгілі болғандай, елордадан алыс емес жерде орналасқан Целиноград ауданында халықтың көші-қоны мәселесі бұрыннан орын алып, демографиялық көрсеткіштердің өсуіне байланысты мектептерде оқушы орындарының тапшылығы туындап отыр. Сондықтан құрылысты жоспарлау кезінде осы салаға көп көңіл бөлінді. Қабылданған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ата-аналармен бірлесіп тиімді профилактикалық және ақпараттық жұмыстарды жалғастырумен қатар, балаларды оқыту мен тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау маңызды», - деп атап өтті М.Ахметжанов.

Оқушылар мен ұстаздар алдында сөз сөйлеген Білім министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының білім сапасын арттыру, қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын теңестірудегі маңыздылығын атап өтті.

«Білім сапасын арттыруда басты рөл педагогикалық ұжымға тиесілі. Былтырдан бері елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» атты жаңа форматтағы ұстаздарды іріктеу және даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 130-дан астам талапкер жайлы мектептерге директор болып тағайындалды. Тәрбие жұмысы басым бағыт болып қала береді», - деді министр.

Сапар барысында облыс әкімі мен оқу-ағарту министрі мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыру мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тексерді. Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталығы, Әкелер кеңесінің клубы және «Даналық мектебі» таныстырылды. Олардың ашылуы, ең алдымен, оң ата-ана тәрбиесін дамытуға, бала тәрбиесінде мектеп пен отбасының өзара әрекеттесуін нығайтуға, патриотизмге бағытталған.

Пікірлер