"Халық үшін жедел жәрдем 24/7 режимінде қолжетімді болып қала береді" - министр

1240
Adyrna.kz Telegram
фото: Vlast.kz
фото: Vlast.kz

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем жұмысының өзгеруі жайлы тараған ақпаратқа қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Министр өзінің Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады. Онда ол жедел жәрдем жұмысының бұрынғы қалыпта, қзгеріссіз жұмыс істейтіні жайлы жазды.

"Құрметті қазақстандықтар! Жедел жәрдем қызметінің қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін жобада халыққа тәулік бойы көрсетілетін жедел жәрдем қызметтерін шектеу туралы норма жоқ.
Халық үшін жедел жәрдем 24/7 режимінде 103 нөмірі бойынша қолжетімді болып қала беретінін айта кеткен жөн" деп жазды Әлназарова.
Сондай-ақ, ол өзгерістердің шақыртулар шектеуіне емес керісінше сапасының артуына қатысты айтылғанын қоса кетті:
"Өзгерістер шақыртуларға қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын арттыру мақсатында емханалардың жанынан құрылатын бригадаларға қатысты. Мобилдік бригадалардың санын көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, балаларға медициналық көмек қажет болған жағдайда, шығу педиатрдың, ал ересек тұрғындарға - бейінді мамандардың (кардиолог, невропатолог және т.б.) қатысуымен жүзеге асырылады" делінген жазбада.
Сонымен қатар, жедел жәрдем бригадасының санын нақтылай кетті ол.
"Бұған дейін бір бригада 35 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа қағида бойынша-25 мың адамды қамтиды.
Мобилдік бригаданың жұмысы емхана ұйымдарының жұмыс уақытымен үйлестірілетін болады. Сағат 20.00-ден кейін және демалыс күндері-шақыртуларға қызмет көрсетуді жедел жәрдем бригадалары жүргізеді.
Бұл норма жедел жәрдем қызметін ұзақ күтудің төмендеуіне ықпал етеді және тұрғындарға 103 нөмірі бойынша жедел жәрдемді шақырту үшін ешқандай кедергі жоқ" деп түйіндеді министр ханым.

 

Пікірлер