Степногорскте жолға қонған ұшаққа қатысты деректер белгілі болды (ВИДЕО)

827
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден скрин
Фото: Бейнеден скрин

Ақмола облысының тұрғыны тасжолға шағын ұшақ қонғанын видеоға түсіріп алған. Кейіннен ұшақтың неге жол бойына тұрақтағаны анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Желіде тараған видеода Степногорскіде, саяжайға бара жатқан жолда ұшақтың қонғаны көрсетілген.

"Ұшақ дәл жолға қонды. Қарама-қарсы көліктер болмағаны жақсы болды", - деді видеоға түсіріп тұрған адам.

Ұшақтың жол бойына не себепті қонғаны кейіннен түсіндірілді.

Әуесқой-ұшқыш Степногорск қаласының маңында тас жолға күтпеген жерден қонған.

«10 қыркүйекте әуесқой ұшқыш жалпы авиацияның TL-2000 жеңіл әуе кемесімен ұшып бара жатып, Степногорск қаласының маңындағы аз қолданылатын автожолдың учаскесіне қонды», – деп хабарлады азаматтық авиация комитеті (ААК) КазТАГ-тың сауалына жауап ретінде.

Комитеттің айтуынша, жолға қону әрекеті ылғалды топырақты алаңға қону мүмкін болмағандықтан жасалған. Қысқа уақыттан кейін әуе кемесі базалық аэродромға қайта оралған.

Бұл әрекетте пилоттың әуеден таңдалған алаңдарға қонуға қажетті дайындық деңгейінің болмауына қатысты заң бұзушылық белгілері бар екені атап өтілді.

"Осы оқиғаның барлық жағдайларын мұқият зерттегеннен кейін, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ мен азаматтық авиация комитеті жалпы авиацияның бұл пайдаланушысын заңнамада көзделген жауапкершілікке тарту шараларын қабылдайтын болады", - делінген ресми дереккөзде.

Мемлекеттік органның жауабына қарағанда, бұл апатты қону болмаған, тіпті ұшақ 20 минуттан кейін ұшып кеткен.

Өз кезегінде көлік прокуратурасы мен көлік полициясының департаменті бұл оқиғаға қатысты пилоттың жауапқа тартылатындығы туралы нақты жауап бермеді.

 

Пікірлер