Оңғар Қабден: Ата-аналар да бұған сақтықпен келгені дұрыс деп есептеймін

511
Adyrna.kz Telegram
Гетенің «Жас Вертердің қасіреті» атты романы бар. Әдебиетшілер осы шығарманы Гетеге танымалдық әкелген деп айтып жүр. Роман жарық көре сала бестселлерге айналып, немістер жата-жастана оқыған деседі. «Жас Вертердің қасіреті» әдеби көркемдігі, тілінің шұрайлығы тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық мәселеге қатты ықпал етіпті.
Шығарма желісі бойынша Вертер өз-өзіне қол жұмсайды. Еуропада кітапқа қатты берілген жастар кейіпкердің әрекетін шын өмірде қайталапты. Мұны анықтаған Дэвид Филлипс деген америкалық әлеуметтанушы. Ол 18 ғасырдағы суицидтерді зерттегенде осындай қызық дүниені байқайды. Кейін 1970-ші жылдары 7 жыл бойы бақылап, бұқаралық ақпарат құралдарында суицид туралы көбірек айтылғанда жастар арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар көбейгенін анықтапты. Содан кейін мұны Вертер феномені немесе Вертер синдромы деп атап кеткен.
Вертер феноменінің әсері біздің елде де байқалатындай. Кейінгі уақытта оқушылардың биік ғимараттан секіріп кеткені туралы жаңалықтар бірінен кейін бірі жарияланып жатыр. Мұның себебі неде? Оны тергеу бітпей дөп басып айту қиын.
Кейбіреулер Schoolboy Runaway секілді ойындардың әсері бар деп жазып жатыр екен. Қазір кез келген оқушының қолында смартфон бар. Бәлкім, шынымен осындай мобильді приложениелер ықпал етіп жатқан шығар. Ол жағын тергеп, тексеріп, анықтау қажет.
Бірақ Вертер синдромын да ұмытпаған абзал. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында суицид туралы жиі жазған сайын ықтимал жағдайлар көбейген үстіне көбейе түсуі мүмкін. Сондықтан мұндай өте нәзік тақырыпты мұқият жариялаған жөн. Рейтинг үшін оңды-солды тарата бермеу қажет.
Сосын әлеуметтік желілерді, әсіресе тиктокты бақылау қажет. Қазір онда кім көрінген ойына келгенін істеп жатыр. Біреуі боқтайды, біреуі құмар ойын өткізеді. Тіпті, тікелей эфир жүргізгендердің не айтып жатқанын да ешкім білмейді. Жаман дүниеге насихаттап жатуы да мүмкін. Мұндайды көрген бала не істейді? Әлбетте, соны қайталайды. Осылайша, әлі бұғанасы қатып үлгермегендер бұрыс жолға түседі. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі буллингті де ұмытпаған абзал, ол өте қауіпті құбылыс.
Ата-аналар да бұған сақтықпен келгені дұрыс деп есептеймін. Балалары ойнайтын ойындарды, мобильді қосымшаларды тексеріп отыру қажет. (Күштеп емес, әрине. Байқатпай, елеусіз). Жүрген-тұрғанын, кімдермен сөйлесетінін, браузерінің историясын тексеріп қойған артық етпейді. Өйткені балалар әлі оң-солын танып үлгермейді. Кей жағдайда қызбалықпен шешім қабылдауы мүмкін. Сол себепті бұл мәселеге ата-аналар мұқият болуға тиіс.
Оңғар Қабден
Пікірлер