Түлектер қара шаңырақта бас қосты

1373
Adyrna.kz Telegram

Жақында  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетін 1974 жылы бітірген түлектер кездесуі болып өтті.

50 жылдық кездесу ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында ЖОО Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың келісімімен жоспарланған болатын. Мерейтойлық іс-шараны ҚР Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты, ҚазҰУ ректорының Кеңесшісі, 1974 жылғы түлек Өтеген Оралбаев ұйымдастырды.

Кездесуге еліміздің әр аймағынан 30-ға жуық түлек келіп қатысты. Олар ең алдымен оқу ғимаратымен танысып, енді ғана үлкен өмірге қадам басқан 1-курс студенттеріне ақыл-кеңестерін айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Мерейтойлық жиынды ашқан ҚазҰУ ректорының Кеңесшісі Өтеген Оралбаев:

 «Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, дос болдық. Өздеріңді көріп жастық шағымызды бірге өткізген күндеріміз қайта оралғандай болып отыр. Осы күнге дейін, бір-бірімізді ұмытпай, араласып келе жатырмыз. 1969 жылы басталған достықтың туын құлатпай, әлі жоғары ұстап жүрміз», – деп бастады.

Филология факультетінің түлектерін құттықтап, ҚазҰУ-дың журналистика факультетін 1974 жылы аяқтаған Жанболат Аупбаев та кездесуге қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Біздің тұсымызда Мемлекеттік мәребесін алған үш университет болса, соның ең алғашқысы осы ҚазҰУ болды. Біз осы оқу орнына оқуға түстік, сол үшін біз бақыттымыз. Екінші бақытымыз – он екі облыстың өкілдерімен бірге оқыдық.  Үшінші бақытымыз – өзіміз оқитын пәндердің авторларымен, үлкен ғұламалардың көзін көрген ғалымдардың өзінен сабақ алғанымыз. Филфак пен журфак тел факультет. Егер ҚазҰУ-да сол жылдары 18 факультет болса, екеуі  бір-бірімен өте жақын араласып кеткен еді», – деді.

Қара шаңырақтың журналистика факультетінде ұзақ жылдар бойы шәкірттер тәрбиелеп шығарған бүгінгі 50 жылдық мерейтой иесі Дәмегүл Байжігітова да студенттерге жүрекжарды тілектерін жеткізді. – «Біз оқыған жылдары жоғары оқу орны С. М. Киров атындағы Мемлекеттік Университет болатын. Қазір оның атауы ғана емес, жалпы техникалық жағынан жабдықталуы заман талабына сай өзгерген. Әл-Фараби кітапханасының ішкі құрылымы қандай ғажап десеңізші! Онда кез келген студентке білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, 850 оқырман 10 минут ішінде электронды кітаптар мен оқу құралдарымен бір сәтте қамтамасыз етіледі екен. Біздер білім алған кезеңде мұндай мүмкіндіктер болмаған. Сондықтан жастар мен студенттерге айтарым, Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген сөздерін әрдайым есте ұстап, бағалай біліңдер. Тағы да қосарым, Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа ұсынған Жолдауларында «Адал адам» идеясын үнемі мәселе етіп көтеріп келеді. Ол қазіргі жастарға қойылатын басты талаптар ретінде біріншіден, жан-жақты білімді болуды; екіншіден еңбекқорлыққа тәрбиелеу; үшіншіден өз елінің патриоты болуды ұсынды. Осы үш қасиеттің  өскелең  ұрпақтың бойында болғанын біз де қалаймыз. Қазіргі инновациялық технологияның қарыштап дамыған кезеңінде сіздерге заманға сай терең білім алып, еңбек ете беріңдер дегім келеді», – деді ғалым, ұстаз.

Кездесу соңында сөз алған профессор Дандай Ысқақұлы филология мамандығының ерекшелігін жеткізе келіп:

“ Әсіресе, «Сөз – ең бір қуатты қару», «Сөз» іске айналады. Әр ұлттың да ерекшелігі сөзінен көрінеді. Ал ұстаз болса ұлттың болашағын жасайтын ең ұлы тұлға. Мысалы, Израилде 8 млн. еврей бар. Оның 3 млн. 500 мыңы арабтар екен. Қазір осы екі елдің арасында жағдай ушығып отыр. Осы тұста ең бастысы сенің тіліңнің мықты болғаны маңызды болып отыр. Сонда ғана кез келген елдің рухы мықты болады. Қазір адам капиталы ұлтың ерекше болса ғана алға шығады. Сондықтан бізге қазір қазақ тілін күшейту керек. Қазақ тілінің туын көтеретін біздер, яғни тіл мамандары болғандықтан артылар жүк көп екендігін ұмытпайық”, – деді.

Іс-шараға қатысқан бірінші курс студенттері оқу ордасына арналған өлеңдер оқып, отансүйгіштікті насихаттайтын әндер орындады. Кездесу барысында жиналған түлектер тек естеліктермен ғана бөлісіп қоймай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алдағы даму жоспарымен де танысты. Олар өз  тарапынан жоғары оқу орны мен филология факультетіне ескерткіш сыйлықтарын табыс етті. Жалпы 27 мыңға жуық студент білім алып жатқан оқу ордасында 600 ғылым докторы, 3 мыңға жуық мұғалім, 6 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Биылғы Қасиетті қара шаңырақтың 90 жылдығы аясында университетте өткізілетін түрлі ғибратты да тарихи-танымдық шаралар  мен кездесулер саны арта түспек.

Пікірлер