Экс-президент елемеген мерейтойды Тоқаев тойлай ма?

4059

Осыдан 99 жыл бұрын, яғни, 1920 жылдың тамыздың 24-і күні Қазақ жерінің шекаралық аумағы бекітілген болатын. Осының арқасында қазан айында Қазақ Автономиялы Республикасы жарияланды. Келер жылы Қазақ елінің шекарасы шегенделіп, Қазақ Автономиялы республикасы жарияланғанына 100 толады. Ұлтымыз үшін ең маңызды мерейтойды ел Үкіметі атап өте ме, жоқ әлде Алашорданың 100 жылдығы секілді ескерусіз қалдыра ма?

Қазақ шекарасын бекітуде Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы жас пері Әлімхан Ермековтің қажыры мен қарым-қабілетіне арқа сүйеген болатын. Небәрі 29 жастағы Әлімхан Әбеуұлы Лениннің алдында баяндама жасап, ағаларының тапсырмасын мүлтіксіз орындап шықты. Алты айға созылған айқастан кейін Ленин мен Сталин Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіту туралы құжатқа қол қойды.

Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай 1920 жылы бекітілген территорияның 15 пайызынан айрылып қалғанымызды айтады. Мәселен,  Қарақалпақстан мен Шыршық Өзбекстанға, ал Елек, Алтайдың арғы беті, Жазатыр жотасы Ресейге өтіп кеткен.

– 1920 жылдың 26 тамыз күні Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, қазақ жұртының қылышынан қан тамған қызыл империяны мойындатып, өз алдына ірге көтеруі оңай болған жоқ. Жан берді, жан алысты. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Негізгі тартыс «қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады, – дейді ғалым.

Әлімхан Ермеков Астархань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Фергана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұрады. Алаштанушының айтуынша, көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланған.

– Бұл сол аймақтардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді. 12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқасында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де Алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді. Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ, ақырында көнген еді. Осылайша Алаш арыстары тұңғыш рет алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды, – дейді ол.

Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, еліміздің шекарасын бекітуде қызу айтыс-тартыс болған. Мұны сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады.

– 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды, – дейді алаштанушы.

Алаштанушы 1991 жылғы Тәуелсіздікке алаш арыстарының арқасында ие болғанымызды айтады. Әйтсе де, Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі болып саналатын ұлттық мерекеміз әлі күнге дейін назардан тыс қалып отыр.

– Бүкіл әлем мемлекеттері 1991 жылы осы территориямызды Қазақстан мемлекетінің жері ретінде таныды. Сондай тарихи оқиғаның 90 жыл толуы атаусыз қалды. Қазіргі геосаясат тұрғысынан алғанда аса маңызды дата. Үнсіз қалдық. Үнсіз ғана қалып қоймай, барлық тарихи-саяси, жағырапиялық ресми басылымдарға қазақ мемлекетінің территориясы 1991 жылдан кейін бекіді деп жазды. Сонда, бұл Қырымның кебін құшуға ұрындыратын тарихи долбар екендігі әлгі «оқымыстысымақтардың» ойына келмегені ме?, – дейді ол.

Тұрсын Жұртбай 1920 жылдың 26 тамызын, мәңгілік азат Қазақстан территориясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты деп санайды. Сондықтан да ол Қазақ шекарасының 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтілуі керек деген пікірде. Алаштанушының бұл пікірін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескеріп, 100 жылдық мерейтойды атап өтеді деген сенімдеміз. Әйтпесе бұған дейін экс-президент «Қазақ шекарасын 1991 жылы мен бекіттім» деп, Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстарының еңбегін жоққа шығарып келген болатын.

 Серік ЖОЛДАСБАЙ
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер