320 орындық спорт кешені ашылды

247
Adyrna.kz Telegram

Қазталов ауданындағы спорт кешенінің құрылысы аудан әкімінің халықпен кездесуінде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі болды. Құрылыс жұмыстары аяқталған спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісұлы, Самат Хамзаұлы, КПО б.в. компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы аудан халқын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде спортты дамыту мәселесіне тоқтала отырып: «Ауылдық жерлерде спортты дамыту – жастардың денсаулығы мен тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды бағыт. Спорт кешендері мен алаңдарын салып, ауыл жастарын спортқа баулу арқылы біз салауатты ұрпақ тәрбиелейміз. Әрбір ауылда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалуы тиіс. Ауыл спортын дамыту – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің кепілі» – деп атап өткен болатын. Спорт кешенінің құрылысы ұзақ уақыт тұралап қалғаны белгілі. Мен сіздерге спорт кешенін 2024 жылы пайдалануға берілетіні жөнінде уәде берген болатынмын.  Бүгін спорт саласының дамуына сеп болар, ауданның әлеуетін арттыруға маңызы зор нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Биыл облысымызда су тасқыны орын алып, аудан азаматтары Орал қаласы мен өзге де аудандарда су тасқынының алдын алу жұмыстарына белсене атсалысып, азаматтық қолдау көрсетті. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіремін!,  — деген өңір басшысы спорт кешеніне жаңа автокөліктің  сертификатын  табыс етті.

Спорт кешенінің құрылысын КПО б.в. компаниясы тапсырысымен «AGA Building» ЖШС жүргізді. Кешенде волейбол,  футзал, баскетбол ойындарына арналған зал және бокс, дзюдо, күрес,жаттығу залдары бар. Аталған нысанда ауыл балаларына түрлі спорттық секциялар  жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары да бос уақытында спортпен шұғылдануға мүмкіндік қарастырылатын болады.

— Бүгін аудан орталығындағы сәулеті келіскен жаңа ғимарат, спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұл халықтың көптен күткен қуанышы. Осы кешеннің салынуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне және  Қарашығанақ петролеум оперейтинг компаниясына, мердігерге аудан халқының атынан шынайы ризашылығымызды білдіремін. Президентіміздің бастамаларын толығымен қолдаймыз, алдағы референдумда белсене қатысуға өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Мемлекет тарапынан спорт саласын, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуға көптеп көңіл бөлініп келеді. Кәсіби спорт түрінен де ел намысын қорғап, абыройымызды асқақтатып жүрген жерлестеріміз бар. Бүгінде балаларымыз жаңа спорт кешенінде жаттығып, түрлі спорт секцияларына қатысып жерлесіміз Данияр Елеусіновтың ізін жалғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімдімін. «Спорт – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Ауданымызда спорт саласының дамуына қолдау көрсетіліп, сала қарқынды дамып келеді. Жаңа спорт кешені спортшыларымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деген сенімдемін! Қуаныш құтты болсын, ағайын!,  - деп спорт саласының ардагері Әділбек Алғазиев.

Спорт кешенінің ашылу салтанатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев, КПО б.в. компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, еңбек ардагері Уалиолла Абешов, ардагер спортшы Айдын Елемесов нысанның лентасын қиды.

Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер