“Ауыз суды жөндемек болған”. Алматы облысында үш ауыл тұрғыны кәріз құдығына түсіп қаза тапты

636
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Кеген ауылында құдыққа түсіп қайтыс болған үш жергілікті тұрғынның, оның ішінде 15 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

КТК телеарнасының хабарлауынша, куәгерлердің айтуынша, қаза тапқандар кәріз құдығында жиналған улы газдан уланған.

Дерекке сүйенсек, 43 жастағы ер адам 15 жастағы ұлымен бірге ауыз судың жоғалу себебін білу үшін құдыққа түскен. Екеуі де түскен бойда есінен танып қалды. Оларға көмекке 1968 жылы туған көршісі келгенімен, ол да есінен танып қалған. Үшеуін де ауыл тұрғындары тауып алған. Жергілікті тұрғындар бұл оқиғаға асфальттың дұрыс салынбауы, кәріз құдығының қақпағы жабылып, онда улы газ жиналуы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Кейбір туыстары электр тоғы соғуы мүмкін деп болжам айтты. Өйткені құдық суға толы болған. Қазір өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Марқұмдардың мәйіттері Қонаев қаласының мәйітханасына жеткізілді.

Жергілікті билік марқұмның тиісті қызметтермен келісусіз жұмыс жүргізгенін, асфальт төсеген мердігердің қазір аталмыш жұмыс орнында жұмыс істемейтінін растап отыр.

Пікірлер