Мәулен Әшімбаев: Қазақстандықтар АЭС салу бастамасын қолдайды деп сенемін

607
Adyrna.kz Telegram

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері бүгін Алматы облысына келді. Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар. Олар өңірде кәсіпорын ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті жұртшылықпен кездесіп, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев облыс жұртшылығымен кездесуде Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды.

«Бүгін біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасын талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мұндай маңызды мәселені дауысқа салу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Атом электр стансасын салу – еліміздің одан әрі дамуы үшін маңызды мәселе. Бұл ретте әр азаматтың даусы үлкен мәнге ие. Сондықтан біз елдің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Штаб мүшелері Ш.Шокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қызметімен танысып, станса мамандарымен және басшылығымен кездесті. Онда елдің энергетикалық секторын дамыту перспективалары талқыланып, отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мәселелеріне баса мән берілді.

«Қазіргі таңда елдегі барлық электр энергиясының басым бөлігін көмір электр стансалары береді. Осындай жағдайда бізге сенімді және қауіпсіз энергия көзі қажет. Атом энергетикасы осы мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Өйткені ол тұрақты, экологиялық таза және Қазақстанды ондаған жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ өзіміздің атом электр стансамызды салу еліміздің көрші мемлекеттерден электр энергиясын импорттауды айтарлықтай қысқартуға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін айрықша маңызға ие және өте өзекті», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Штаб мүшелері «DAMU» индустриялық-логистикалық аймағында шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті, сондай-ақ, «GREEN Land ALATAU» жылыжайына барды.

 

Дайындаған: «Nur Media».

Тапсырыс беруші: Оспанов М.Ж.
«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді

 

Пікірлер