16 қыркүйек күні «Almaty Theatre» театрында ғасырға жуық тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-шы маусымының ашылу салтанаты өтті. Жаңа маусым «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымымен ашылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ғасырға жуық тарихы бар театрдың жаңа маусымының өзге ғимаратта ашылу себебі, қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында мәлімдеген еді. Өнер ордасындағы жұмыстарды театрдың 100 жылдық мерейтойына орай аяқтау жоспарланған.
Театр маусымының ашылу салтанатында ұйымдастырылған баспасөз маслихатында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек жаңа маусымдағы жоспарларымен бөлісті.
«Алматының маңындағы Есік, Талғар, Қаскелең, Ұзынағаш, Қонаев қалаларын аралап қойылымдар қоямыз. Биылғы жоспар – Ақтөбе, Қостанай қалаларына бару. Жылды көршілес қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласына гастрольдік сапармен аяқтаймыз. Қазір театрымыздың негізгі ғимаратында жөндеу жұмыстары жасалып жатқандықтан біздің көптеген жобаларымыз уақытша тоқтатылады. Жаңа спектакль шығару да алдағы 2 жылда тоқтайды. Өйткені, біздің барлық жабдықтарымыз негізгі ғимаратта қалды. Сондықтан, біз репертуарымыздағы 70 қойылымды көрерменге ұсынамыз», - деді театр директоры.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов театр ұжымы мен көрермендерді 99-маусымның ашылуымен құттықтады.
«Ұлы тұлғалар салған жолмен біздің театр айнымай жүріп келе жатыр деп ойлаймын. Елімізде 57 театр болса, соның басында тұратын осы Мұхтар Әуезов театры. Бізге, репертуарымызға қарап бой түзейді. Сол үшін бізде репертуарымызды күшейту мақсатында жас режиссерларды тәрбиелеп жатырмыз. Театрдың ашылуы құтты болсын, барлығыңызды құттықтаймын”, деді Асанәлі Әшімов.
Жиыннан кейін Мұхтар Әуезов атындағы театрдың қоюшы-режиссері Әлімбек Оразбековтің «Режиссер Әлімбек Оразбеков» атты кітабының таныстырылымы өтті. Режиссердің сахналанған спектакльдері жинақталған кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен ақын Ақұштап Бақтыгереева қатысты.