«Абай туындыларын қазақ тілінде жазбаған...» Топшылауға тойтарыс беруге бола ма?

4644
Adyrna.kz Telegram

Кейбір ғалымдардың Абай шығармалары тіліне күдікпен қарауын абайтанушылар «бүйректен сирақ шығару» ретінде қарастырады. 

1968 жылы 15-20 қыркүйек арасында Қазақстанда тұңғыш рет Абай күні шаралары өткен. Бұл шара 1971 жылғы Абайдың 125 жылдығы аталып өткенге дейін жалғасып, кейіннен жергілікті ауқыммен шектеледі.

Абай өз туындыларын қазақша жазбаған. Тіпті, «қара сөздері» бар екенін өзі де білмейтін. Бұл туралы шымкенттік ғалым Ақжол Қалшабек айтқан болатын. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Абайдың еңбектері қай тілде жазылған? «Адырна» тілшісі белгілі абайтанушылардан сұрап білді. 

«ОНЫ ӨЗБЕК, ҚЫРҒЫЗ, ТҮРІКМЕН, ТАТАР ДА ОҚИ БЕРЕДІ»

Ontustiktv.kz телеарнасына берген сұхбатында абайтанушы ғалым деп жарияланған Ақжол Қалшабек Абай Құнанбайұлы «қара сөздері» бар екенін өзі де білмейтінін, себебі ол басқаша аталғанын айтты

Ғалымның айтуынша, Хәкім Абай тұтас шығармашылығының басым бөлігін шағатай өрнегінде жазып қалдырған.

«Әбдірахманға жазған өлеңінің түпнұсқасы «Я худай бере гор, тілеген тілекді. Қорықпай орнықтыр, Чочыған юректі» дейді. «Ш» әрпінің орнына «ч»-ны қолданады. Шошыған демейді, чочыған жүректі. «Т»-ның орнына «д»-ны қолданады»,  - дейді Ақжол Қалшабек.

Оның айтуынша, Абай шығармашылығында «қара сөздер» деп аталатын еңбек жоқ. «Ақыл-и китаб» деп аталатын ой-толғамдары 45 емес, 41 болған дейді зерттеуші. Ал шағатай өрнегі түркі халықтарына ортақ байланыс тілі болған.

«Біздің бүкіл хандардың хаттарын оқысаң… Кенесарыны оқисың ба, Абылай хан ба, бәрі осы тілмен жазған. Сөйлескенде қазақша сөйлесе беруі мүмкін, бірақ хат жазғанда шағатай тілінде жазған. Неге? Себебі ол қалыптасқан дәстүр болған. Ерекшелігі – оны өзбек те, қазақ та, қырғыз, түрікмен, татар да оқи береді,» -  дейді Ақжол Қалшабек.

«АБАЙ ТӨТЕ ЖАЗУМЕН ЖАЗДЫ»

Ал абайтанушы ғалым Бауыржан Ердембековтің айтуынша, Абай шағатай тілінде емес, төте жазумен жазған.

 - Абай өзінің қолымен жазған Сенатқа хатын мысалға алып қарасақ болады. Ол жерде төте жазумен жазылған. Абайдың қолжазбасы қалмаған. Сондықтан оны шағатай тілінде жазды деп айтуымыз дұрыс емес. Абайдың Сенатқа, інісі Халиуллаға жазған хатын көріңіз, басқасын көріңіз төте жазумен жазылған. Шағатай тілінде жазылмаған. Әрине, дыбысталу, тағы да басқа жағынан өзгерістер болған, - дейді абайтанушы Бауыржан Ердембеков. 

Айтуынша, «қара сөздер» мәселесінде де дау болмауға тиіс. 

 - Ғалым Жамал Шойымбет бұл туралы зеттеп, білдей докторлық диссертация қорғады. Асан Омаров та зерттеді. Иә, «қара сөз» деп аталмаған, нақты 45 болмағаны да белгілі, олардың реттік саны да басқаша болған. Мысалы, Абайдың алғашқы жинақтарында айтылады. Кейіннен дін мәселесіне тиым салған кезде оның «Китаб тасдиқ» туындысын «Қара сөздерінің» ішіне амалдап кіргізіп жіберген. Бұдан жаңалық ашудың қажеті жоқ.  Бұны қарапайым халық білмегенімен, зерттеушілердің бәрі біледі, - дейді Бауыржан Ердембеков. 

«БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Ақжол Қалшабектің пікірімен абайтанушы Мақсат Әліпхан да келіспейді. Ғалымның айтуынша, бұл пікір қате. 

 - Қазір әркім әр түрлі ойды айта беретін заман болды. Сондай жайсыз еркіндік қалыптасты. Мен Ақжол Қалшабекті абайтанушы ғалым ретінде білмеймін, айтып жүрген пікіріне де қосылмаймын. Абай қазақ руханиятында 1889 жылдан бастап, өлеңдері газет бетіне жарияланып келе жатқаннан бері қазақтың мақтанышы болып келе жатыр. «Бүйректен сирақ шығарып», мынандай пікір айту ыңғайсыз, - дейді ол. 

Айтуынша, мұндай пікірлерге қауым елең ете қалады. Ал Абайдың тұңғиық, терең, төркінді айтылған пікірлеріне көбінің тісі батпай, назарға алмайды. 

 - Ақжол Қалшабек шын абайтанушы болса, Абайдың ақиқатын тануға талабы бар болса, оны уақыт айқындайды. Осыған дейін, мен өзіне де айтқанмын, жазбаша да келтірген тұстарым бар. Ақжол Қалшабек кей тұстарда асыра сілтейді. Абай басқа мәселемен айналысып жүріп, келіп жаңалық аша салатын жеңіл-желпі дүние емес. Бұған дейін де Абай туралы ақылсыз пікірлер болған. Мұны да жылы жауып қою керек. Бұл  қате пікір, - дейді Мақсат Әліпхан. 

Дана Нұрмұханбет,

«Адырна» ұлттық порталы



Пікірлер