АҚШ-тағы президент сайлауына Республикалық партиядан түсіп жатқан кандидат, бұрынғы президент Дональд Трампқа тағы да қастандық жасалмақ болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқиға 15 қыркүйек күні Флорида штатының Вест Палм-Бичтегі гольф алаңында болған. Reuters басылымының мәліметінше, Трамп тұрған жерден 100 метр қашықтықтан оқ атылған. Құпия қызмет агенттері бұл экс-президентке жасалған қастандық әрекет болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Күдіктіні тінту кезінде суық қару, екі рюкзак және GoPro бейнекамерасы табылды. Қазіргі таңда жасы 58-ден асқан Гавай тумасы – Райан Уэсли Роут ұсталды. Ол бұған дейін 8 рет әртүрлі себеппен қамауға алынған.
Ал Трамп әлеуметтік желі арқылы өзінің дін аман екенін жеткізді.
«Мен қауіпсіз жердемін. Ешкім зардап шеккен жоқ. Ештеңе мені тоқтата алмайды. Мен ешқашан берілмеймін!» - деді ол.
Еске салайық, 13 шілдеде Трампқа Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде қастандық жасалған болатын. Бұл оқиға кезінде ол жеңіл жарақаттанды.