Түркі елдеріне арналған ортақ әліпби бекітілмек

768
Adyrna.kz Telegram
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

Түркі елдеріне арналған ортақ әліпби бекітілмек. Ол үлгілік 34 әріптен тұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы inbussines.kz сайтына сілтеме жасап. 

Түркиялық TRT Haber хабарлауынша, Түркі әлемінің бірыңғай алфавиті жөніндегі комиссия алғаш рет 1991 жылы ұсынылған ортақ түркі әліпбиі жобасын қайта қорытып, пысықтап, жаңа нұсқасын түпкілікті бекітіп отыр.

Басшылыққа алу ұсынылатын "Ортақ түркі әліпбиінің" жаңа, соңғы нұсқасы келесідей болып келеді:

F9QS4hsJ.jpg

Сарапшылардың түсіндіруінше, дәл осы қалпында қабылдауға ешбір ел міндеттелмейді, олар тек негізге алады. Мысалы, онда "і" әрпі жоқ.

Бірыңғай алфавит туралы шешім Астанадағы Түркі академиясы, сондай-ақ Түркі елдерінің институты өткізген комиссияның ІІІ отырысында қабылданды.  

Әліпбидің бұл нұсқасын әзірлеу кезінде мамандар 33 жыл бұрын Ыстамбұл халықаралық симпозиумында түркі елдерінің ғалымдары ұсынған тұңғыш нұсқаны қайта қарап, түзетті. 1991 жылғы нұсқа Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанда енгізілді. Бірақ соңғы екі елге ол жобаны пысықтауға тура келді.

"Мұқият, тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде 34 әріптен тұратын бірыңғай түркі алфавитін құру туралы ұсыныс бойынша ымыра-консенсусқа қол жеткізілді. Ұсынылған әліпбидің әрбір қарпі түркі тілдеріндегі әртүрлі фонемаларды білдіреді. Бұл әліпби түркі халықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға және тілдік мұраны сақтауға септеседі", – делінген комиссияның мәлімдемесінде.

Түркі елдеріне ортақ әліпби бекіту туралы бастаманы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған былтырғы қарашада ұсынған болатын. Қазақстанның Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешовтың айтуынша, бекітілген алфавитті латын графикасына көшуді жоспарлаған түркі тілдес халықтар, соның ішінде Қазақстан да үлгі ретінде қарастыратын болады. Өз кезегінде Қазақстан өткен қыста осы ортақ әліпбиге 2 қазақ әрпін енгізіпті.   

Түркі әлемінің бірыңғай алфавиті жөніндегі комиссияның мүшесі, әзербайжандық академик Низами Джафаровтың айтуынша, ортақ түркі әліпбиіне көшуді аяқтау – Түркі әлемінің тәуелсіз мемлекеттерінің және Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) алдында тұрған тарихи міндет.

"Алайда мұнда басты бір мұрат бар. Түркі тілдерінің ортақ алфавитке көшуі тек латыншаға ауысумен аяқталмайды. Сонымен қатар түркі халықтарының ұлттық әліпбилеріндегі әріптер де, дыбыстар да бір-біріне жақындап, үндесуі керек. Бір қаріп әрбір елде әртүрлі дыбысталмағаны маңызды. Әңгіме болашақта "Ортақ Түркі Тілін" құру туралы болып тұр. Түркі халықтары бірін-бірі аудармашысыз түсіне алатын дәрежеге дейін жету қажет. Ол ортақ түркі әліпбиінен басталады", – деді комиссия мүшесі Н.Джафаров.

Бұл туралы әзербайжандық АПА агенттігі жазды. Оған сұхбатында Низами Джафаров жаңа жалпытүркілік әліпбидегі 34 әріптің бәрі бірдей түркі тілдес елдерде қолданыла бермейтінін ескертті. Алайда "қандай түркі тілі болмасын, дыбысталуына қарай төл қаріптерін осы ортақ әліпбилік базадан таба алады".

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешовтың айтуынша, бүгінде латын графикасындағы жаңа қазақ алфавитінің жобасы дайын және ол тіпті былтыр бірнеше өңірде сынақтан да лайықты өткен.

Қазақстанның жаңа әліпбиге қашан көшетінін тіпті Тіл комитетінің басшысы да білмейді.

"Бұл – өте ұзақ және күрделі процесс. Кез келген тілдің дамуы терең ғылыми, тәжірибелік зерттеулерді және оларға ғалымдардың кең тобын тартуды қажет етеді. Тіл реформасы қазақ тілінің қызмет ету кеңістігін кеңейтуге, сөздердің қарапайым жазылу нормаларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес, емленің бірыңғай ережелері негізінде терминдерді бірізділендіруге жол ашылады", – деп, журналистердің сұрағына жалпылама жауап қайырды Ербол Тлешов.

Бірақ ол түбі қазақ тілінің латыншаға көшуін қолдайды.

Айта кетейік, Түркі әлеміне Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Солтүстік Кипр елдері кіреді. Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Саха (Якутия), Тыва, Хакасияның ТҮРКСОЙ ұйымының жиындарына қатыса алмайды. Олар ұйымда бақылаушы мәртебесінде қалды.

Пікірлер