КitapFest 2024. Жазушының бірнеше кітабы бірден қайтара жарық көрді

607
Adyrna.kz Telegram

Абайтанушы, алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың бірнеше кітабы бір мезгілде қайтара жарық көрді. «Атамұра» және «Қасым баспа үйі» баспаларынан шыққан кітаптар қазір кітап дүкендері мен интернет арқылы сатылып жатыр.

«Атамұра» баспа корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында 14 қыркүйекте жазушының осы баспадан шыққан кітаптары туралы жазды. «Кеше белгілі жазушы, әдебиетші-ғалым, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай ағамызды қабылдап, сиясы кеппеген алғашқы қаламалды прозалық туындыларынан тұратын «Болашақтың бәйтерегі», «Абай жолы» роман-эпопеясында бейнеленген көркем шындықты салыстыра отырып, қазақ тарихындағы жетекші тұлғаның бірі Құнанбайдың ұлттық руханияттан алатын орнын саралайтын ғылыми еңбек «Құнанбай немесе жәбір сұлтаны» (2 кітап), көшпелілер әлемі мен түркі жұртының екі мың жылдық тарихы жеке тұлғалардың тағдыры арқылы талданатын «Дулыға» (4 кітап) атты кітаптарын қолына тапсырдым»,- деп жазған «Атамұра» басшысы.

Баспагер атап көрсеткендей, жазушының «Құнанбай немесе жәбір сұлтаны» кітабының 2 томы, «Дулыға» кітабының 4 томы бірден қатар оқырманға жол тартқан.

Рахымғали Құл-Мұхаммедтің жазуынша, «Атамұра» баспасынан бұған дейін Абайдың шығармашылық өміріне, көркем әлеміне және ойлау жүйесі мен психологиясына қатысты Т. Жұртбайдың ұзақ жылдарғы зерттеу еңбектерінің тұжырымынан туындаған «Толық адам» атты екі томдығы да жарық көрген.

Бұдан басқа жазушы Тұрсын Жұртбайдың екі бірдей прозалық жинағыы «Қасым баспа үйі» баспасынан шыққан. Бұл жинақтар «Қар астындағы көбелек» және «Түйешінің қызы» деп аталады.

Жазушының қайтара жарық көрген кітаптары кітап дүкендерінде және интернет желісінде сатылуда.

Тұрсын Жұртбай – «Замандасым, сырласым» (1976), «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегімде жұмыр жер» (1980), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер - бесік» (1985), «Бабочка под снегом» (орыс тілінде, 1990), «Талант Калибека» (1992, орыс тілінде), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты көркем шығармалардың авторы. Жазушының бұған дейін «Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1-2 кітап, 1994), «Кетбұға» (1996), «Бесігіңді түзе!», «Талқы» (1997), «Мухтар Омарханович Ауэзов» (түрік, орыс тілдерінде, Анкара,1997), «Күйесің, жүрек... сүйесің!» (2001), «Бесігіңді аяла!» (2002), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2005), «Дулыға» (қайта басылымы, 2007), «Ұраным - Алаш!..» (2007) атты деректі ғылыми-зерттеу кітаптары шықты.Тұрсын Жұртбайдың ғылыми жетекшілігімен «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» (1997), «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми-текстологиялық салыстырудан өткен басылымы (1997), М.О.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағының 1-7 томдары (1997-2001), М.Әуезовтің «Ескермедім, қабылдамадым...» (1998) атты ашық хаттар жинағы жарық көрді және оның қатысуымен «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы дайындалды.

Тұрсын Жұртбай 1990 жылдан бастап Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінде, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызмет Академиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде абайтану, әуезовтану, жазушының шығармашылық психологиясы, Еуразия романдары, Еуразия романдарының типологиясы, халық ауыз әдебиеті - тарихи дерек көзі ретінде, әдебиеттанудың өзекті мәселелері, туындыны ғылыми талдау, сөз мәдениеті (саяси шешендік) бойынша арнайы курстардан дәріс береді. 2006 жылы ақпан-шілде айлары аралығында Қытай Халық Республикасының Орталық мемлекеттік Ұлттар университетінде (Пекин қаласында) профессор ретінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы, бүтінгі қазақ әдебиеті, абайтану, әуезовтану пәндері бойынша дәріс берді. «Бейуақ» монографиясының негізінде кандидаттық (1992), «Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы негізінде докторлық (2000) диссертациялар қорғады. 2002 жылы профессор ғылыми атағы берілді.Көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері әлемнің 15 тіліне, ал ғылыми еңбектері ЮНЕСКО-ның ресми тілдеріне аударылған. М.Икбалдың, С.Тогэнің, Л.Шералидің, В.Шефнердің, Р.Рождественскийдің, С.Қапаевтің және т.б. өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Тұрсын Жұртай – Қазақстан Жазушылар одағының Ш.Құдайбердіұлы атындағы «Алаш» және І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты.

 

Жанат Алғадай

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер